Дәріханаға бас сұққан сенаторлар қатты састы

455
Фото: видеодан алынған кадр

«СҚ Фармацияның» қоймасына сенаторлар да жетті. Олар жаздағы дәрі іздеп сабылған жұрттың ашуын тудырған бірыңғай дистрибьютордың дәрі-дәрмек қорын тексерді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Депутаттарға түрлі препараттар, медициналық қажетті құралдар толы қораптар көрсетілді. Ал дәрі алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрғандар мәртебелі меймандарды көріп ұлардай шулады.

«Тегін препарат тұрмақ, жеңілдіктен айырылдық» — дейді олар.

Бақытжан Нұрғозова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

— «СҚ Фармация» компаниясы «барлық дәріні емханаларға бердік, емханадан алыңдар» дейді. Ал емхана: «I am sorry, емханаға барыңыз да, сатып алыңыз» деп жібереді. Құрметті депутаттар, әлеуметтік қорғау министрлігі халықтың мұң-мұқтажына құлақ асыңыздар. Барлық жағынан мүгедектерге қашан жеңілдік, жағдай жасалады? Шынын айтқанда, мүгедектер арбасының өзі сатылады. Бәрі сатылып жатыр. Неге олай? Бұған кім жауап береді?

Ешкімге ескертпей дәріханаларға бас сұққан сенаторлар қала тұрғыны мұндай шу шығарады деп ойламаған болар. Бір жағынан, жаздағы дәрі-дәрмек дүрбелеңі олардың есінде қалғанға ұқсайды. Дәріханаларда дәрі әзірге жеткілікті. Шенеуніктер алда күтіліп отырған коронавирустың екінші толқынында да тапшылық болмайды деп сендіреді.

Қазір елімізде екі айлық дәрінің қоры бар екен. Дәрі мәселесінен бөлек, халық жаппай ауырғанда өкпені жасанды желдету аппараты жетпеді. Енді Қазақстан өзінің қондырғысын шығаруға көшті. Түріктердің құралдарын жинайтын біздің мамандар қазан айына дейін 1500 аппаратты 300-дей ауруханаға жібермек.

Талғат Жанжүменов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

— Бізге 1500 дана аппаратты шығаруға тапсырыс берілді. Бүгінгі күні 750 комплект аппарат дайындалып, ертеңгі күннен бастап ауруханаларға жеткізілуге дайын. Бір аппараттың құны 8 миллион 900 мың теңге. Зауытымыз осы аптадан бастап үш ауысымдық жұмысқа көшті.

Оқи отырыңыз: