Екі судья мен полицейге қатысты тергеу басталғаны хабарланды (видео)

229
Фото: видеодан алынған кадр

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екі судьяға қатысты тергеудің басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, бір судья Алматы облысының Ұйғыр ауданында ұсталды. Ол жеке тұлғадан сот актісін оның пайдасына шығарғаны үшін аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін айыпталып отыр.

Бұдан бөлек, Қызылорда облысының Шиелі аудандық сотының судьясына қатысты ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотқа дейінгі тергеуді басталды.

«Ол ресми құжаттарға жалған мәліметтер енгізу арқылы бірнеше азаматтық іс бойынша қасақана әділетсіз шешімдер шығару күдігіне ілінді. Аталған факті бойынша тергеу жалғасуда.

Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жария етуге жатпайды», — дейді тергеушілер.

Агенттік өкілдері Атырау облысында полиция командирі ұсталғанын да хабарлады.

Облыстық полиция департаментінің патрульдік-полиция ротасы командиріне қатысты тергеу шаралары басталды. Лауазымды тұлға қызметкерлерді қорқытып, 5 000-нан бастап 70 000 теңгеге дейінгі мөлшерде жүйелі түрде пара алып келгені үшін айыпталып отыр.

«Сот шешімімен М. есімді азаматқа қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді», — дейді тергеушілер.

Оқи отырыңыз: