Ел тұрғындарының «азаматтық некеге» көзқарасы қандай

Фото көрнекілік үшін pixabay.com сайтынан алынды

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Қазақстандық қоғамдық даму институты» басқарма төрағасы Нұрбек Матжани қазақстандықтардың «азаматтық некеге» көзқарасы қандай екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Институт «Қазақстандық отбасылар – 2022» ұлттық баяндамасын дайындау аясында өңірлерде әлеуметтік сауалнама жүргізген. Сауалнама барысында қоғамның тіркелмеген некеге қалай қарайтыны да зерделенген.

«Орташа алғанда барлық жастағы адамдардың шамамен 25%-і «азаматтық некеге» оң көзқараспен және 30%-тен астамы бейтарап қарайды. Яғни Қазақстандағы әрбір бесінші неке тіркелмеуі мүмкін. Ал қолдамайтындардың үлесі – 32,8 процент», — деді Матжани орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ бала тууды жоспарлау бойынша да сауалнама жүргізілді.

Матжанидің айтуынша, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 73,5%-і бала тууды жоспарлау қажет деп санайды. 15,2 пайызы жоспарлаудың қажеті жоқ деп есептесе, 11,3%-і бұл сұраққа жауап бере алмаған.