Ел жаңа жүйені неге жатырқап жүр?

Фото: pixabay.com

Халық тиісті мекемелерді жағалап, есігін қаға-қаға, өздерін толғандырған мәселелердің шешімін таппағаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдарының көмегіне жүгінуге мәжбүр болатыны белгілі. Жұртшылық сонда «мұң-мұқтажымыз БАҚ арқылы тиісті орынға жетсе» деген ниетпен осындай қадамға барып жүрді. Күн салқындап, алғашқы қар қылаулаған сәттен бастап тараздықтардың мазасын қашыратын мәселе жылуға қатысты болатыны жылдағы әдет.

Көппәтерлі тұрғын үйді мекен еткен тұрғындардың билікке айтар базынасы қыста пәтерінің жылымауына қатысты болса, тағы бірі жертөленің сыз тартуы, пәтер иелері кооперативінің (ПИК) құрамында бола тұра үйіне шұғыл жағдайда жарнама арқылы басқа сантехник, электрик шақыртатындарын талай мәрте мәселе етіп көтерген-ді. Бұған дейін ПИК-ке деген өкпе-реніші қара қазандай болып келген кейбір тұрғындар осы күні ұйым «мүлде жойылады» дегенді естігенде абдырап қалғаны рас. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені көптің пікірі қазір екіге жарылған. Жұрттың бірі кондоминиум объектісін басқарудың жаңа жүйесіне көшетін болсақ, «осы күнімізге жете алмай қаламыз» деп қорықса, ал енді бірі «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген нақылға иек артып, «ПИК төрағаларына жалтақтамай, өзімізге-өзіміз қожа болған әлде қайда тиімді» деп ойлайды. Ал шын мәнінде қайсысы тиімді? Осыған қатысты көптің пікірін білуге тырысқан едік.

Тараз қаласы, «Қаратау» ықшамауданы, № 11 үйдің бірді-екілі тұрғынын сөзге тартып көрдік. Олардың әңгімесінен байқағанымыз, тұрғындардың кондоминиум объектісін басқарудың жаңа жүйесіне көшуі-көшпеуі маңызды емес сияқты. Тек өзінің аты-жөнін атамауды өтінген бір тұрғын:

«Бұл мәселе бір жылға шегерілді ғой. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-үстау бойынша қолға алынған өзгерістердің артында тұрған ең бірінші мәселе – халықтың ПИК құрамынан шығуы. Менің ойымша, алдағы уақытта тұрғындар құбыр жөндеу, жер төлені ретке келтіру секілді техникалық қызметті жалдамалы түрде тұтынуы мүмкін. Көпшіліктің олардың қызметін қажет етуі-етпеуі өздеріне байланысты. Бірақ әр тұрғын үйде бір-бір жеке басқару органы болатыны анық. Бір айта кетерлігі, осы тақырыпта ПИК өкілдері жұртшылықты шақырып немесе есік алдына келіп жиын өткізуге мүдделі. Өйткені халық қоғамда не өзгеріп жатқанын білуі шарт. Біз таңнан қара кешке дейін жұмыста болғандықтан оған қатысуға қолымыз тие бермейді. Сондай жиынның өткенін ертесіне естіп жатамыз, ал не мәселе қозғалғанынан шын мәніде хабарсызбыз», – деді.

Осы орайда аталған тұрғын үйдің басқарушысы – Айсара Тоқманбетоваға жолығып, уәжін тыңдап көрдік. Ол бұл міндетті мойнына алғанына 12 жыл болғанын тілге тиек етті.

– Кондоминиум объектісін басқарудың жаңа жүйесіне көшу мақсатында жүйеге енгізілген жаңа формаға көшу мәселесі жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылды. Сол кезде пәтер иелері кооперативінен мүлік иелері бірлестігіне немесе жай серіктестікке көшетін боламыз. Бұл жайында не істеп, не қоятынымызды ақылдасу, енгізілгелі жатқан өзгерістерге байланысты уақытында түрлі басқосулар болды. Соңғы мәрте жиын өтерде де мен №11 тұрғын үй тұрғындарына көзбе-көз, кейбірінің телефонына хабарласып жиын болатынын айттым. Әр подъездің есігіне құлақтандыру қағазын ілдік. Бірақ сол жиынға осы үйден үш-ақ тұрғын қатысты. Қалғанына бәрібір секілді.

Келер жылы тұрғын үй басқарушы міндетінен бас тартамын. Біріншіден, зейнеттегі адаммын. Екіншіден, біз қазір пәтер иелері кооперативіне пәтеріміздің әр шаршы метрі үшін 15 теңге төлеп отырсақ, меншік иелері бірлестігі құрамында жүріп көрсетілер қызметке төленетін ақыны бұрынғымен салыстырар болсақ, ол кезде бұл сома кемі 4-5 есеге ұлғаяды. Себебі біздің тұрғын үйдің өз алдына басқарушысы, есепшісі, аула сыпырушысы, сантехнигі, электригі болады. Қазір ең төменгі айлықақы 60 мың теңгеден кем болмауы керек. Сонда тұрғындар оларға еңбекақыны қалтасынан төлеуіне тура келеді. Оладың еңбекақысы үшін тұрғындардан қаржы жинау оңай емес. Біреу берер, біреу бермейді. Сол үшін осы қызметтен бас тартпақшымын, — деді Айсара Тоқманбетова.

Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев те жұртшылық арасында алдағы уақытта пәтер иелері кооперативі деген ұғым болмайтыны, оның орнына мүлік иелері бірлестігі немесе жай серіктестік болатыны жөнінде сан мәрте үгіт-насихат жүргізілсе де жұртшылықтың жаңашылдықты қолдауы төмен болғанын растады. Осы мәселе жұмыстың ырғақты жүруіне кедергі келтірген. Көпшіліктің дені істі артқа тартқан сыңайлы. Қазір аталған жүйеге енетін жаңашылдықтың бір жылға кейінге шегерілуі сондықтан болса керек.

Бұрын пәтер иелері кооперативін әділет органдарында тіркеу үшін жарғының қажеті жоқ болатын. Егер қандайда бір меншік иелері бірлестігі әділет органына тіркелетін болса, олар жарғы қабылдауы шарт. Облыстық әділет департаментінің тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы Жұлдызай Досмырзаева бізге осының заңдылықтарын бүге-шүгесіне дейін түсіндіре отырып, мүлік иелері бірлестігінің төрағалығына кез келген пәтер иесі сайлана алатынын, аула сыпырушы, кәріз, құбыр жөндеушілермен келісімшартқа отыру арқылы жұмыс істейтінін, былайша айтқанда, сервистік қызмет субъектісінің қызметін аларда тұрғындар ондағы мамандарды жалдау арқылы қызметін пайдаланатынын сөз етті. Сонымен қатар, «бұрынғы ПИК тарапынан ұсынылып келген қызметтің тұтыну ақысы мүлік иелері бірлестігі болып құрылғанда 4-5 есеге қымбаттайды» деген сөзді жұмысынан айырылып қалғысы келмеген пәтер иелері кооперативінің өкілдері шығарған әңгіме екенін нақтылады.

Қазір облыста мүлік иелері бірлестіктері институтын енгізу жөнінде тиісті тарап арқылы ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Соның аясында халық жаңа жүйеге көшудің артықшылығына қанығар. Оны іске асыру жоспарлы түрде жүргізіле берер. Осылайша реформа келер жылы жүзеге асар. Бірақ шахарда бұрын кондоминиумға өтпей қалған үй жетерлік. Оған басты себеп аталған тұрғын үйлердің пәтер иелері кооперативіне өтпеуінде болып тұр. Содан кейін шығар, нысанның жаңғырту көрмей жұпыны күйде тұрғаны. Олар мүлік иелері бірлестігіне өте ме әлде иесіз үй ретінде елеусіз қала бере ме оны уақыт көрсетер. Егер, шынында сервистік қызмет ақысы айтарлықтай қымбатқа түссе, мұндай үйлердің саны артпаса кемімейтіні анық.