Елімізде «омикрон» штамы анықталса, жаңа шектеулер енгізіле ме

Фото: pixabay.com

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың «омикрон» штамы Қазақстанда анықталса, елде қосымша шектеу шаралары енгізілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министр жаңа штамның әлі зерттелмегенін, алайда «омикрон» штамы жылдам тараса, қосымша шара қабылданатынын жеткізді.

«Егер вирус жылдам тарап, науқастар саны көбейіп, ауру да қиын жағдайда өтсе, әрине, қосымша шектеулер енгізіледі», — деді Цой.

Оның сөзінше, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл штамды зерттейтін жұмыс тобы құрылғанын хабарлады.

«Әлемде үнемі көп жаңа штамм пайда болып отырады, «лямбда» және «омикрон» штамы секілді олардың әрқайсына ерекше назар аударылады. Әлемде қалай таралып жатқанын түсіну, әсіресе, ол алғаш анықталған елдердегі жағдайды білу маңызды саналады. «Дельта» штамы бүкіл әлем бойынша анықталған жерлерде таралу қарқыны бойынша алдыңғы орынға шықты. Басқа штамдарды ығыстырды. Сондықтан қазір бүкіл әлемдік қоғамдастықтың міндеті – штамның қаншалықты жұқпалы екенін, қалай әрекет ететінін, клиникалық белгілерін және қаншалықты қауіпті екенін бақылау», — деді Цой журналистерге.

Министр әзірге жаңа штамға қатысты қандай да бір дерек жоқ екенін, алайда Қазақстанда да бақылау тобы жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

«Жақын арада қорытынды шығады, соның негізінде іс-әрекетіміз белгілі болады. Жаңа штамм Қазақстанға келсе де, ең бастысы, оның қалай тарайтынын түсіну керек», — дейді ол.

Айтуынша, коронавирус штамының қай түрі болса да, емдеу негізі бірдей. «Омикрон» анықталған елдерде аурудан басқа штамдардағыдай емдеу тәсілі қолданылып жатыр. Сондықтан Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі оған дайын.

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға жазылыңыз:

Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз