Еліміздің барлық өңірінде COVID-19 ауруының өсімі байқалады

56
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысын өткізді, деп хабарлайды zakon.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мен қабылданып жатқан шаралар туралы денсаулық сақтау министрі А. Цой, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау туралы ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, ПТР-диагностикалау мен жеке қорғаныш құралдарының баға саясатына мониторинг жүргізу жұмысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы С. Жұманғарин, тұрғындармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі А. Балаева, өңірлердегі ахуал туралы Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ. Есқалиев, Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев баяндады.

Ерте вакцинациялау, жаппай маска тағу режимін және ара қашықтықты сақтау шараларының арқасында биыл күзде халықтың пневмониямен және ЖРВИ-мен сырқаттанушылығы тұрақты төмендеу динамикасына ие. Мысалы, тек қазан айында осы жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда, пневмониямен ауырғандар саны 26%-ға, 24,8 мыңнан 18,3 мыңға дейін азайды, ал жіті респираторлық вирустық инфекциямен ауырғандар 7,6%-ға, 286,8 мыңнан 265,3 мың адамға дейін азайған. Өткен жылмен салыстырғанда ЖРВИ-мен ауыру 1,7 есе – 2019 ж. қазандағы 441,2 мыңнан биыл қазанда 265,3 мыңға дейін төмендеді.

Сонымен қатар барлық өңірде COVID-19-бен ауыру жағдайларының артқаны байқалады. Вирустың репродуктивтік индексі республика бойынша – 1,2, инфекциялық төсек орындарының толтырылуы 21%, реанимациялық төсек орындарының жүктемелігі 17% құрайды. Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары — қызыл аймақта, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары — сары аймақта.

Премьер-министр қызыл және сары аймақтардағы өңірлердің әкімдеріне жағдайды тұрақтандыру бойынша қосымша шаралар қабылдап, мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Денсаулық сақтау министрлігіне:

  1. Барлық медициналық қызметтердің орталық және өңірлік деңгейде сырқаттанушылықтың ықтимал өсу жағдайына толық дайындығын қамтамасыз ету;
  2. Халықпен шектеу шараларын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізу;
  3. Шекара қызметімен, өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, шетелдіктерге Қазақстанға кіру үшін берілетін денсаулық сақтау ұйымдарының шақыру құжаттарына бақылауды күшейту;
  4. Әділет министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп, ҚР аумағында емделу үшін шетел азаматтарына шақыру беруге уәкілетті, өңірлердегі денсаулық сақтау ұйымдарының тізбесін айқындау тапсырылды.

Ішкі істер министрлігіне халық пен бизнес субъектілерінің шектеу және карантин шараларын сақтауын бақылау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысын күшейту тапсырылды (биылғы 17 тамыздан бастап елімізде 41 мың рейдтік тексеру жүргізілді, 8,7 мың карантинді бұзу фактісі анықталды).

Оқи отырыңыз: