Елордада оң және сол жағалауларды жалғайтын екі көпір салынады

33
Фото pixabay.com сайтынан алынды

Нұр-Сұлтанда 150 көше жөнделіп, кейбіреуі жаңадан салынады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Сондай-ақ көшелерге артылған шамадан тыс жүктемені азайту үшін жолайрықтар, көпірлер мен өткелдер салынып жатыр. Осы жылы жоспарланған жол жұмыстарының 70%-і елді мекендерде жүргізіледі.

«Nova City аумағында, №39 (Тәуелсіздік) көшесінен бастап №27 көшесінің бір бөлігінде жол саламыз. Бұл көше әуежай мен «Тельман» елді мекеніне қарасты жолды жалғауға мүмкіндік береді. Елді мекен тұрғындарының қалаға жол жүру уақыты едәуір қысқарады», — деді елорда әкімі Алтай Көлгінов. 

Сонымен қатар, салынған жол Мәңгілік Ел және Ұлы Дала даңғылдарындағы жүктемені азайтады.

«Осы жаңа көшеден Есіл өзені мен Нұра – Есіл каналы арқылы өтетін екі көпір болады, қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Көпірлер оң және сол жағалауды жалғап, қаланың екі бөлігін айналма етуге мүмкіндік береді», — деп толықтырды қала басшысы. 

Алтай Көлгінов тұрғындармен кездесу, азаматтарды қабылдау және есеп беру кездесулерінде қала тұрғындары жолдарды асфальттау мәселесін көтергенін атап өтті.

«Біз барлық ұсынысты жинап, кесте құрдық, дайындық жұмыстарын жүргіздік. Биыл жөнделіп жатқан жолдар бірнеше критерий бойынша таңдалды: бұрын асфальт болмаған жолдарды таңдадық. Мұндай жолдардың көбі елді мекендерде орналасқан», — деп атап өтті Көлгінов.

«Сапасыз жолдарды қабылдамаймыз. Жол сапасыз болған жағдайда мердігерлер өз есебінен жолды қайта салады», — деп түйіндеді елорда әкімі.

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі аккаунттарымызға жазылыңыз:

Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз