Елордадағы субұрқақтан энтеровирус РНҚ-сы табылды

Фото: gettyimages.com

Нұр-Сұлтанда ауа райының жылынуына және шомылу маусымының басталуына байланысты энтеровирустық инфекцияны жұқтырғандардың саны 2,6 есе өсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сілтеме жасап.

Абай және Жеңіс даңғылдарының қиылысында орналасқан су бұрқақтан вирусологиялық көрсеткіштер бойынша энтеровирус рибонуклеин қышқылы (РНҚ) анықталды.

Сондай-ақ Есіл және Сарыарқа аудандарында орналасқан санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша фонтан кешендерінің суында (ҚазМұнайГаз ауданындағы «Каскад» фонтаны, «Водно-зеленый бульвар», Сарыарқа ауданы аппараты ғимаратының алдында) лайланудың рұқсат етілген мәні 1,04 — 1,4 есеге артқаны белгілі болды. І.Есенберлин көшесінде орналасқан «Жастар» театры алдындағы, Абай-Жеңіс даңғылдарының қиылысында, Жеңіс-Кенесары даңғылдарының қиылысында, Әуезов-Дүкенұлы көшелерінің қиылысында, Сарыарқа ауданы әкімшілігінің алдында орналасқан су бұрқақтарында микробиологиялық көрсеткіштер сәйкес келмеген.

«Ауа райының жылынуына және шомылу маусымының басталуына байланысты елордада соңғы екі аптада энтеровирустық инфекциямен сырқаттану көрсеткіші 2,6 есе өсті. Жалпы жыл басынан бері 453 адам ауырып қалды, оның 52%-і немесе 234 жағдай жазғы кезеңге тұспа-тұс келді», — делінген хабарламада.

Эпидемиялық маусымда балалар арасында энтеровирустық инфекцияның көп таралуына негізінен су қоймаларында, бассейндер мен субұрқақтарда шомылу себеп болады.

Балалар, сондай-ақ иммун тапшылығы бар немесе басқа сырқат түрлерінен әлсіреген адамдар бұл инфекцияға көбірек бейім. Жыл басынан бері тіркелген барлық жағдайдың 98% немесе 443-і 14 жасқа дейінгі балалар. Қазіргі уақытта 63 бала ем алуда.

Оқи отырыңыз: