Елордада заңсыз жұмыс істеген 32 такси жүргізуші ұсталды

Фото pixabay.com сайтынан алынды

Нұр-Сұлтанда «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. 19 шілдеден бері заңсыз жұмыс істеген 32 такси жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қаланың полиция департаментіне сілтеме жасап.

Жыл басынан бері кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысқаны, тиісті тіркеусіз іс-әрекеттерді жасағаны үшін барлығы 125 әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде 82 іс жақын шетелден келген заңсыз тасымалдаушыларға қатысты.

Сондай-ақ патрульдеу барысында полиция қызметкерлері шетелдік жүргізушілердің басқаруымен екі заңсыз таксиді ұстады. Екі жағдайда да Өзбекстан Республикасының азаматтары көлік басқарған.

Шетелдіктерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, автокөліктер коммуналдық тұраққа орналастырылды.