Халық уәдесін орындамаған депутатты кері қайтара алады – министрлік тәртібін түсіндірді

Фото pixabay.com сайтынан алынды

Әділет вице-министрі Алма Мұқанова халық сайлаған депутатты кері қайтару тәртібін түсіндірді. Алдағы уақытта Қазақстан заңнамасына императивті мандат енгізіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қазіргі кезде мемлекеттік органдар императивті мандатты енгізу мәселесін пысықтар жатыр. Бұл жұмысқа қоғамдық ұйымдар да тартылды. Дегенмен халық сайлаған депутатты кері қайтару тәртібінің жобасы бар.

«Мысалы, облыстық мәслихат депутатын кері қайтару мәселесі көтерілді дейік. Оған қатысты мынандай механизм болатын шығар. Егер ол сайлауалды уәделерін орындамаса, оны сайлаған халық алдымен бастамашыл топ құрып, тіркеуден өтеді. Одан кейін белгілі бір уақыт беріледі. Сол кезде олар үгіт-насихат жүргізіп, депутатты өзіне жүктелген міндеттерін орындамағаны үшін мандаттан айыруға бастама көтереді. Қажетті дауыстар жиналса, депутат кері қайтарылады», — деді Мұқанова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, мамандар облыс, қала мен аудан деңгейінде сайланатын депутаттарды кері қайтаруға қажетті дауыс санын есептеуге кірісті.

«Шыны керек, бұл механизм іске қосылса, халықта депутаттардың қызметіне ықпал ететін құрал болады. Сол кезде депутаттардың жауапкершілігі күшейеді, өздерін кері қайтаруға болатынын біліп жүреді», — деп атап өтті Мұқанова.

Айта кетері, президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айындағы жолдауында мәжіліс депутаттарының бір бөлігін мажоритарлық жүйемен сайлауды ұсынды. Ал аудандық және қалалық мәслихаттарда толығымен мажоритарлық жүйе болады, яғни депутаттарды тек халық сайлайды. Сондай-ақ мемлекет басшысы императивті мандатты енгізу қажеттігін айтты.

Оқи отырыңыз: