Инновация – ел игілігі

«Talas Investment Company» ЖШС зауыты. Фото: Алтынбек Қартабай

Кез келген сала алға жылжуы үшін алдымен оның әлеуеті бәсекеге қабілетті болуы керек. Әйтпесе қазіргідей барлығы нарыққа тәуелді болған заманда есепсіз, нарықты зерттеусіз құрған жоспарың текке кететіні анық. Әсіресе экономика, оның ішінде өндіріс өрге жылжуы үшін аталған сала көштен қалып қоймауы қажет.

Негізінде ішкі және сыртқы нарыққа не қажет екенін біліп барып өнім өндіру, заман талабына және тұтынушы сұранысына, талғамына сай өнім шығару үшін құрал-жабдықтарды жаңарту, өндіріске жаңа технологияны енгізу, өндірістік, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, мамандарды жаңашылдыққа бейімдеу секілді заман талаптарының үдесінен шыққан кәсіпорын ғана межеге қол жеткізе алады. Бұл тұрғыда мемлекет те өндіріс орындарына жүйелі түрде қолдау көрсету үшін бірнеше жылдан бері «Индустриалдық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасын іске асырып келеді.

Аталған бағдарлдама аясында Жамбыл облысы, Талас ауданында да толайым тірліктер атқарылуда. «Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасының бірінші және екінші бесжылдығында аталған ауданда жалпы құны – 374 811,7 миллион теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба жоспарланып, оның ішінде 18 211,7 миллион теңгені құрайтын 3 жоба іске асырылыпты.

Мәселен 2014 жылы, яғни бірінші бесжылдықта ауданның экономикалық өсімін қамтамасыз ететін ішкі резерві жылына 15 мың тонна цианид натрий шығаратын «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бір жоба іске асырылған екен. Жобаның жалпы құны 22,6 миллиард теңгені құраған. Зауыт қазіргі таңда 560-қа тарта адамды жұмыспен қамтып отыр. «Talas Investment Company» ЖШС-ы Қазақстанның химия өнеркәсібіндегі цианид натрий өндіретін тұңғыш химиялық зауыт болып есептеледі. Цианид натрий өндіру барысында қалдықтарды кәдеге жаратуда құнды минерал тыңайтқыш, яғни жылына 5 мың тонна сульфат алынатын болады.

2015 жылы бағдарламаның екінші бесжылдығында ауданда жалпы құны 3,4 миллиард теңгені құрайтын «Жамбыл Недр» ЖШС-і жылына 300 мың тонна М-400, М-500 маркалы цементін өндіретін зауыт құрылысын аяқтады. Зауыт құрылысына 4 гектар жер телімі бөлініпті. Зауытта қазіргі таңда 165 адам жұмыс істеп жатыр. Шикізат көзі ретінде «Сүлейменсай» карьерінің әктасы мен «Майтөбе» топырағы пайдаланылады.

Фото: Алтынбек Қартабай

– 2016 жылы жалпы құны 1 946,0 миллион тенгені құрайтын 1 инвестициялық жоба өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілді. «Қаратау Про» ЖШС-і жылына 110 мың тонна мәрмәр тасын өңдеп шығаратын зауыт толықтай құрылысын итальяндық құрал-жабдықтарды орнату арқылы аяқтады. Зауытта 96 адам жұмыспен қамтылған. Карьер толықтай геологиялық зерттеуден өткізілді. 2017 жылдың наурыз айында зауыттың қабылдау актісі жасалып, кәсіпорын 23 наурызынан бастап іске қосылды.

Осы жылдың жаз айына дейін «Қаратау Про» ЖШС ұнтақталған мәрмәр 28 600 тонна, карбонат кальций 1 140 тонна, мрамор үгіндісі 51 тонна, мрамор ұнтағы 445 тонна өндіріп, оның сомасы 343,1 миллион тенгені құрады. Өзінің толық қуаттылығының 27,5 пайызын немесе ауданның жалпы өнеркәсібінің 2,8 пайызын құрады.

Республикалық индустрияландыру картасына келер жылға енгізілген жоба – «ЕвроХимТыңайтқыштар» ЖШС «Минералды тыңайтқыштарды өндіру Химзауытының құрылысы». Жобаның жылдық қуаты – 1 400 мың тонна минералды тыңайтқыштар өндіру. Жобаның құны – 365,5 миллиард теңге. Жоба іске қосылғанда 2 000 жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазіргі таңда минералды тыңайтқыштарға нарықта бағаның құлдырауына байланысты зауыт жобаның іске асуын 2023 жылға ауыстыруға шешім қабылдады.

Бұдан бөлек, 2025 жылға дейін 26,5 миллиард тенгенің екі зауытының құрылысын бастау жоспарлнып отыр – дейді Талас ауданы əкімдігі кəсіпкерлік, өнеркəсіп жəне туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Жүзбосынұлы.

Атап айтқанда 2022-2024 жылдары «Talas Investment Company» ЖШС жылына өндіретін өнімді 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға арттыруды көздеп отыр екен. Сол кезде жаңадан ашылатын жұмыс орны 300 адамды қамтиды деп күтілуде. Жалпы ол үшін жобаға 25 438,0 миллион теңгені құрайтын инвестиция салынбақ.

«Каратау ПРО» ЖШС де жылына өндіретін өнімді 110 мың тоннадан 190 мың тоннаға арттыруды көздепті. Жалпы инвестиция 1 085,0 миллион тенгені құраса, жаңадан ашылатын жұмыс орны 25 адамды қамтымақ.