«Істің аяқталуын күту керек»: Досмұхамбетов тергеудегі орынбасарларына қатысты мәлімдеме жасады

Фото: instagram.com/m.dosmukhambetov_online

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Нұрлан Таубаевқа қатысты сот процесі жүріп, Қайрат Нұрлыбаев пен Бақытгүл Хаменова тергеліп жатқандықтан, өзге орынбасарларының арасында өкілеттіктерді бөлу туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап.

«Таубаевтың кінәсі сотта әлі дәлелденген жоқ. Бірақ сот процесі ұзаққа созылғандықтан, оның келмей қалуы әкімдік жұмысына кері әсерін тигізетінін түсініп, өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазды.

Нұрлыбаевтың ісі сотқа жіберілді, процесс енді ғана басталып жатыр. Бірақ ол жұмыс орнында.

Хаменоваға қатысты да тергеу жүріп жатыр, оның аяқталуын күту керек. Әзірге оның міндеттері басқа орынбасарлар арасында бөлінді: денсаулық сақтау саласын Қайрат Бекенов, білім беру саласын бірінші орынбасары Серік Айдарбеков, басқа салаларға Нариман Таушов жетекшілік етеді. Менің орынбасарларым кінәлі деп танылғанша, оларды ауыстыру туралы айту әлі ерте», — деп түсіндірді Махамбет Досмұхамбетов.

Сондай-ақ, аймақ басшысына «өз қызметіңізге көңіліңіз тола ма» деген сұрақ қойылды.

«Иә», — деп жауап берді Атырау облысының әкімі.

Еске сала кетсек, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен өңірлік мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы пара алды деген күдікпен ұсталған болатын.

Кейін Атырау облысының арнайы тергеу соты уақытша ұстау изоляторында отырған Бақытгүл Хаменованы үйқамаққа алу туралы санкция берді.

Сонымен бірге, сот мұндай шешім қабылдауына Хаменованың жалғызбасты әйел екені, кішкентай екі баласын жалғыз тәрбиелеп отырғаны, олардың бірінің кішкентайынан мүмкіндігі шектеулі екені және қарауында қарт анасының бар екені себеп болғанын айтты.

Алайда 22 желтоқсанда Атырау облысының соты өңір әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованы екі айға қамауға алуға санкция берген. Енді ол сотқа дейін тергеу изоляторында болады.

Одан бөлек, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Хаменованының ісіне қатысты пікір білдіріп, ұсталғанын естігенде көңілі түскенін жасырмады.

Айта кетейік, Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары болып, 2020 жылдың наурыз айында тағайындалған еді.

Автор: Риза Шайқақ

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға жазылыңыз:

Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз