Көлікті қарсы алдынан соғып тоқтатты: қостанайлық полицейлердің видеосы тарады

227
Фото: видеодан алынған кадр

Қостанай қаласында көлік ұрысын ұстау операциясы видеоға түсіп қалды. Ер адам мас күйде көлік жүргізіп полиция көлігін соққан, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық департаментке сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, «102» желісіне Жамбыл көшесінің бойында орналасқан саунаның жанынан күміс түсті «Skoda»-ның ұрланғаны туралы хабар түскен. Оны бірден барлық экипажға таратты. Кейіннен ұрланған көлік Баймағамбетов көшесіндегі «Автоураган» жүйесіне түскені анықталды.

Аға лейтенант Дархан Тоқтаров пен полиция лейтенанты Владимир Титовтың 524-ші экипажы көлікті тоқтатуға тырысқан. Бірақ жүргізуші олардың талабын елемей, қаша бастаған.

«Ол жоғары жылдамдықпен Алтынсарин көшесіне түсіп, бірнеше рет апаттық жағдай тудырды. Содан кейін взвод командирі, полиция капитаны Қажымұрат Жұмағазинов пен кіші полиция лейтенанты Нұрлыбек Байкенжиннің 523-ші автопатрулі ұрланған көлікті қарсы алдынан соғып, тоқтатты», – дейді полицейлер.

 

Рөлде 31 жастағы ер адам болған. Тексеру кезінде оның орташа деңгейде мас болғаны да анықталды.

Взвод командирі полиция капитаны Жұмағазиновтың айтуынша, «Құқық қорғау қызметі туралы» заңның 61-бабы, 5-тармағына бойынша жүргізуші полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген жағдайда олар көлік құралын зақымдау арқылы тоқтата алады.

Айта кетейік, ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері өңірдегі патрульдік полиция қызметкерлері мас күйінде 92 жүргізушіні ұстады.

Оқи отырыңыз: