Қазақстанда жыл сайын орта арнаулы оқу орнын 144 мың студент аяқтайды екен. Десе де барлығының мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуы екіталай. Орта арнаулы білім беруде оқыту ісін ілгерілету үшін елімізде дуальды оқыту жүйесі қолға алынды. Сонымен қатар колледждер әлеуметтік емес, техникалық бағытта маман даярлауға көшті. Осыған қатысты ауқымды мәселелер Жамбыл облысында өткен «Еңбек нарығы және кәсіптік білім: жаңа мүмкіндіктер» тақырыбындағы форум аясында қаузалды, деп жазады MediaWorld.kz тілшісі.
Аталған республика деңгейіндегі жиынға ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Түркістан облыстарының және Алматы, Шымкент қалаларының білім беру мекемелерінің басшылары, әдістемелік орталықтар мен кабинеттердің өкілдері, колледж басшылары мен педагогтар және кәсіпкерлер қатысты. 1 500-ге жуық маманның басын қосқан жиында Жамбыл облысының техникалық бағытта білім беру мүмкіндіктері өзгелерге үлгі ретінде таныстырылды.
Облыстағы 44 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде 23 618 студент білім алады. Оның 50 пайызы мемлекеттік білім тапсырысы аясында оқып жүр. Биыл гранттардың саны жылдағыдан 2 518-ге артық бөлінген. Нақтысы «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында 5 734 білімгер қоғамға қажетті мамандықтарды тегін оқитын болады. Оның 565-і ауыл шаруашылығы, ІТ-ға 755, техникалық және технологиялық сала бойынша 2 680 орынға мемлекеттік білім беру гранттары бөлінді.
Жоғарыдағы оқу орындарының техникалық базасына келетін болсақ, «Жас маман» жобасына 11 колледж еніп, 3,7 миллиард теңгеге замануи құрылғылар сатып алынды. Колледждердің 7-еуі аудандарда орналасқан. Сонымен қатар жобаға қатысқан 8 колледж кондитерлік өнімдер мен аспаздық жартылай фабрикаттар, көрпе төсек бұйымдары, көлік жөндеу, кран, экскаватор қызметтері, егістік өнімдері мамандықтары бойынша ақылы білім беруде. Осылайша аймақта Жолдау бойынша білім беру мекемелерінде теория 20 пайызға түсіп, тәжірибе 80 пайызға артқан.
Таразға жиналғандар дуальды оқыту бойынша түрлі пікірлерді айтып қана қоймай, саладағы өзекті мәселелерді қозғады. Басқосуда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова сөз алып, бизнесті дамытуда кәсіптік білімнің пайдасы ұшан-теңіз екенін жеткізді.
– Президент тапсырмаларын жүзеге асыру үшін Парламент депутаттары Заң нормаларын қабылдау мақсатында жұмыстар жүргізуде. Осы мәселемен нақты айналысатын арнайы депутаттар тобы құрылған. Алдағы уақытта заңнамалық актілерге қатысты мәселелерді шешуге депутаттар белсене атсалысатын болады. Мұндай алаңдар Парламентте, «Amanat» партиясында қамтамасыз етіледі. Дәл қазіргі кезеңде кәсіби жұмыс күшін шығару үшін білім мен бизнес бірігуі қажет. Өз кезегінде бизнес кәсіптік білім және техникалық білімді дамытуға белсене араласуы керек. Өйткені кәсіпкерліктің дамуы мен мамандардың қажеттілігін жұмыс беруші анықтайды, – деді депутат Гүлдара Алданышқызы.
Айта кетейік, форумның Жамбыл облысында өтуі орынды. Өйткені облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аймақтағы білім беру мекемелері мен кәсіпорындар ортақ меморандумға келіп, маман тәрбиелеуде бірлесе жұмыс істеуде. Екіжақты шешім арқылы «Шефтік қамқорлық» жобасы іске асқан. Әзірге 18 колледж «Казфосфат», «Имсталькон», «Палацио» кәсіпорындарына және «Шәушен» сияқты ірі шаруа қожалықтарымен жұмыс істеуде. Енді бұл жобаның тиімділігіне тоқталсақ, шефтік қамқорлыққа алынған колледждерге кәсіпорындар тарапынан материалдық, тәжірибелік-әдістемелік қолдаулар көрсетілуде. Мысалы, «Казфосфат» зауыты Жаңатас көпсалалы колледжіне студенттер арасында тау-кен қазба жұмыстарын ұйымдастыру үшін 4 га жер телімі бөлініп, онда студенттер практика жүзінде салаға тереңірек үңілуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ «Шәушен» шаруа қожалығы тарапынан Құлан агротехникалық колледжіне жобалық құны 12 миллион теңгені құрайтын оқу-өндірістік мал ұстау базасын салу жұмыстары басталмақ. «Имсталькон» мен «Палацио» компаниясында 3-ші курстың 68 студенті оқу-өндірістік тәжірибеден өтіп, олар осы зауыттарда құрылыстың, техниканың тілін меңгеруде. Республикалық форумда өңірде атқарылып жатқан игі жобаларды облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсінбаев баяндап, бірлесе жұмыс істеудегі мақсат – замануи технологияларды пайдалануды игеру, тәлімгер шеберлермен жұмыс тәжірибесін жинақтау, озат студенттерге стипендия төлеу, тұрақты жұмыс орнымен қамту екенін сөз етті.
Жиында бұл жүйе жастар қолына диплом алғанда, оларды еңбекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні тілге тиек етілді. Бұл орайда еңбек нарығындағы қажеттілікті нақтылау барысында жұмыс берушілерге кепілді қажеттілікті ұсыну міндеттеледі екен. Алдағы уақытта «екінші тараптың жауапкершілігін арттыру үшін, колледжге мемлекеттік тапсырыспен түскендер себепсіз оқуын жалғастырудан бас тартса, ата-анасы немесе заңды өкілі оқуға жұмсалған мемлекеттік қаржы шығынын өтеу міндеттелсе» деген ұсыныс айтылды.
Тараз қаласында өткен форум әртүрлі бағытта өрбіді. Әуелі жамбылдық тәжірибе таныстырылып, мұнан соң жан-жақтан жиналған мамандар бірнеше колледжге барып, олардың техникалық жағдайымен танысты.