Катонқарағайда «Алтайдай жер қайда?!» халықаралық ақындар айтысы өтеді

1 шілдеде Шығыс Қазақстанның көрікті жері Катонқарағайда «Алтайдай жер қайда?!» халықаралық ақындар айтысы өтеді. Оған Қазақстандық айтыскер ақындармен бірге Өзбекстан, Қырғыз, Моңғолия елдерінен де айтыс өнерінде танылып жүрген ақындар қатысқалы отыр.

Осы орайда қара сөзден өлең жолдарын өріп жүрген өзбекстандық айтыскер ақын Талғат Орынбекпен әңгімелескен едік.

Талғат Орынбек Өзбекстан Республикасының азаматы. Ташкент қаласындағы Педагогикалық колледждің мұғалімі. Республикалық ақындар айтысының жеңімпазы.

2018 жылы Астана қаласында өткен Орта Азия елдерінің бас қосу саммитінде  бес елдің президентіне арнау айтқан-ды.

Айтыста шындық айтылып, бетпе-бет келген екі ақын барынша сөз түйінін түйгенше жанын салады. Әуелгі амандықтан бастап, тоқсан ауыз сөздің түйінін түйгенше қос ақын да түрлі айла мен тәсілді қолданады.

Суырып салма өнері өнердің ішіндегі асылы. Әбден жаттыққан ақынға жүйелі ойды аталы сөзбен, шымшыма әзілмен жеткізу қиындық туғызбайды. Сөз жарысында біреуі жеңіп, біреуі жеңілгені – сөзден тосылғанынан емес, ой ұтқырлығымен алдыға суырылып шыққандығынан.

Талғат Орынбектің ойынша, айтыста негізгі берілген бір тақырып аясында тоқырап қалмай, ұшқыр ойдың қанатын кеңге жайған абзал. Содан тың идея, жақсы сөз, тапқыр шешім туындайды.

Өзбекстандық айтыскер ақын Талғат Орынбек

Айтыс өнері ежелден қалыптасқан жанр. Орта Азия елдерінде айтыс әр кезеңдерде дамып, өрістеп келеді.

«Өзбекстанда айтысқа ұқсас «Бақшылық өнері» бар. Біздің елде бұған да көңіл бөлініп жатыр. Фестивальдер ұйымдастырылып, соның аясында ақындар айтысы өтіп тұрады», – дейді Талғат Орынбек.

Былтырғы жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау бойынша Үкіметаралық комитеттің сессиясында «Бақшылық өнерін» Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативті тізіміне енгізу мәселесі талқыланған болатын.

Шын мәнінде де ежелгі мұраны бүгінгі күнге сол күйінде жеткізіп келген өнердің майталмандарынан аманат етіп қабылдап, оны сол күйінде сақтап, әріге жеткізетін саналы жасты тәрбиелеу керек-ті.

Ол жайында ақын: «Аға буынның ізін басқан жастар баршылық. «Аттың ізін тай басар» демекші, шайырлығымен, шапшаңдығымен, сүбелі сөздерді қозғай алуымен өнерін көрсетіп жүрген ақын бауырларымыз жеткілікті», – дейді.

Халық үнінің жаршылары – айтыскер ақындар. Халық жиналған жерде сөз жарыстыратын өнердің бұл түрі аламан бәйгеге бергісіз. Халық қашанда көкейіндегісін дөп басып, ұтқыр сөзбен жеткізе білетін ақынды қадір тұтқан.

Осы тұрғыда Талғат Орынбек: «Айтысты тамашалайтын көрерменнің саны емес, сапасы маңыздырақ. Өйткені әрбір көрермен айтыстан ой түйіп қайтса, ақындар үшін осы үлкен жетістік, нәтиже деп айтуға болады», – деді.

Сөз соңында халықаралық айтыстың ерекшелігі тек ел ішіндегі емес, ел сыртындағы ақындардың бас қосуына себеп болуында екеніне тоқталдық.

«Әр елден келген әрбір айтыскер ақын сол елдің аманатын арқалап келеді. Ол үлкен жауапкершілік. Сол арқылы халықаралық татулықты, достықты нығайтады деп ойлаймын», – деп қорытты өзбекстандық ақын. 

Айта кетерлігі, Алтай тауларының етегінде орналасқан Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданында алғаш рет өтетін халықаралық айтыстың жалпы жүлде қоры 20 миллион теңге. Бас жүлде – 5 миллион теңге дейді шара ұйымдастырушылары.

Халықаралық айтысқа Қазақстанның, Өзбекстан, Моңғолия және Қырғызстаннан келген таңдаулы ақындар қатысады.

Елімізден Ринат Заитов, Бекарыс Шойбеков, Рүстем Қайыртайұлы, Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров және тағы басқа от ауызды, орақ тілді 16 ақын бақ сынайды. Ақындардың өнеріне Ұлықбек Есдаулет, Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Алмас Ахметбек, Кәмел Жүністегі және Серік Құсанбаев сынды салмақты құрам қазылық етеді. Айтысты белгілі ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізеді.

Сайыс екі кезеңнен тұрады – іріктеу және финал. Іс-шараның жүлде қоры шамамен 20 млн теңгені құрайды: бас жүлде – 5 миллион теңге, бірінші орын – 2 миллион теңге, екінші орын (екі екінші) – 2 миллион теңге, Үшінші орын (екі үшінші) – 1 миллион теңгеден, сондай-ақ арнайы сыйлықтар бар.

«Қазақ ықылым заманнан ақындар айтысының көмегімен қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, оларды халық атынан билікке жеткізе алған. Сондықтан мұндай іс-шаралардың өзектілігі жоғалмайды. Әлбетте осындай ақындар айтысы қазақ халық шығармашылығын дамыту мақсат етеді. Айтыс жанры — қазақ өнерінің бай мұраларының бірі. Біз оны Қазақстанның ең әдемі және киелі жерлерінің бірі – Алтай тауларының етегі Катонқарағайда өткізуді ұйғардық. Өйткені Алтай Қазақстан тарихында ғана емес, бүкіл түркі өркениетінің қалыптасуында ерекше орын алады», — деді ұйымдастырушы, Катонқарағай ауданы Тұрақты Даму Қорының жетекшісі Серік Жүнісов.

Ауқымды шараның тақырыбы «Алтайдай жер қайда?!» деп алынуы да тегін емес. Бұл аймақ өзінің табиғатымен, тарихи және мәдени құндылығымен ерекше. Мұндай табиғаттың сұлулығы көптеген жылдар бойы суретшілер мен ақындардың шабытына арқау болған. Өңір тек көшпелі империялардың провинциясы ғана емес, түркі билеуші әулетінің қасиетті атамекені саналған. Ұйымдастырушылардың ойынша, дәл осы жерде табиғат пен рух, тарихи мұра мен болашаққа деген көзқарастың үйлесімділігі айтыс арқылы көрініс табады.

Оқи отырыңыз: