Коронавирусқа қарсы вакцинаның құны қанша болады?

52
Фото: pixabay.com

Қазақстан COVAX Facility халықаралық бағдарламасына қосылды. Келісім бойынша коронавирусқа қарсы вакцина шыққан бойда оны еліміздегі халықтың 20 процентіне бірден жеткізіп береді. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахмет мәлімдеді. 

«Бүгінде Қазақстанда халықтың саны 18,5 миллионнан асты. Соның 20 проценті 3 миллион 600 мың адам бола ма? Демек, 3,6 миллион вакцина бізге барлық мемлекеттермен бірдей уақытта түседі. Ол вакцина келгеннен кейін бәрін халыққа сатпаймыз ғой. Оны тегін алатын бірқатар азамат бар», — деді Қожахмет Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, бүгінде вакцина тегін алатындардың нақты саны анықталды. Барлығы 2 182 000 адам. Ішінде 65 жастан асқандар, жүрек-қан тамыр ауруы, қант диабеті және өкпенің обструктивті ауруы, созылмалы ауруы бар азаматтар бар. Медицина қызметкерлеріне де вакцина тегін салынады.

«Вакцинаны кез келген мемлекеттен аламыз. Қытай бірінші болып шығарса, Қытайдан аламыз. Ресей бірінші шығарса, сол мемлекеттен аламыз. Жамбыл облысындағы дәрі-дәрмек шығаратын зауыт бірінші болып шығарса, содан аламыз», — деп атап көрсетті Қожахмет.

Қазақстанға келетін 3 миллионнан астам вакцинаның басым бөлігі тегін таратылса, қалғаны сатылады. Бағасы  4,2-8 мың теңгенің айналасында болады.

«Адамдар өз еркімен вакцина салдырамын десе, өз ақшасына сатып алады», — деді Қожахмет. 

Айта кетейік, COVAX Facility бағдарламасына бірқатар халықаралық ұйымдар бастамашы болды. Олар – Иммунизация мен вакциналар жөніндегі жаһандық альянс (GAVI), Эпидемияларға дайындықты қамтамасыз ету саласындағы инновациялар үшін коалиция (CEPI) және Дүниежүзілік денсаулық ұйымы. Сондай-ақ, вакцина өндірушілер мен халықаралық корпорациялар қолдау білдірді.

GAVI-мен келісім жасайтын мемлекеттер 31 тамызға дейін 15 проценттік алдын ала төлемді аударып беруі тиіс. Ал вакцина түскенде толық сома төленеді.

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі аккаунттарымызға жазылыңыз:

Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз