Фото: Сentralasian.org

5 ақпанда Мәскеуде Қырғызстанның бірінші президенті Асқар Ақаевтың үлкен ұлы Айдар Ақаев қайтыс болды. Оның жасы 44-те болған. Бұл ақпаратты Асқар Ақаевтың туыстарына жақын дереккөзі хабарлады. Қолда бар дерек бойынша ол жүрек ұстамасынан көз жұмған, деп хабарлайды Сentralasian.org.

Айдар Ақаев 90-жылдардың аяғында Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаевамен некеде болған.

Азаттықтың Қырғыз қызметі 5 ақпанда кешке Қырғызстанның Шу облысы Кемин ауданында Асқар Ақаевтың жиені Кубан Ақаевты жерлегенін хабарлады. Ол да Мәскеуде көз жұмған.

2005 жылы наурыз айындағы революциядан кейін Аскар Ақаев отбасымен бірге Мәскеуге қашып барған. Ол сол жақта саяси баспана алды. Содан бері Қырғызстанға оралмады. Ақаев қашып кеткеннен кейін оған және отбасына қарсы қылмыстық істер қозғалды.

Айдар Ақаев 1976 жылы 20 ақпанда туған. Қырғызстанда қаржы министрінің кеңесшісі, Қырғызстанның ұлттық олимпиада комитеті мен бокс федерациясының президенті болған. Қырғызстан парламентінің депутаты ретінде сайланған. 2005 жылы отбасымен бірге ол да Мәскеуге келді.

Оқи отырыңыз: