Фото: inbusiness.kz

Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Қордайдағы жаппай төбелестің неден басталғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Негізі, бәріне 5 ақпандағы оқиға түрткі болған. Екі ауылдың тұрғындары арасында кикілжің туындады. Ол күні Масанчиде үш адам мінген көлік жолмен келе жатқан, тағы үшеуі жүк көлігімен ауладан шығып жатса керек. Сөйтіп, біреуі екіншісіне жол бермей, жанжал туындаған. Әдеттегідей, сөзден басталған кикілжің төбелеске ұласып кетті», — деді Калайчиди журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, сол күні полиция келіп, кінәлі адамдарды анықтады. Біреуі қамауға алынса, екеуінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Жанжалға қатысқандардың ішінде жасы үлкен ер адам да болды. Оның сан сүйегі сынған. Дәл осы кикілжіңнің видеосы маңайдағы ауыл тұрғындары арасында тарап кеткен. Видеоны таратқандардың пікірлері де тым қатты болды.

«Ол жақта әрбір ауылдың өз чаттары бар. Видео сол чаттарда таралып кеткен ғой. Егде жастағы адамның соққыға жығылғаны, сосын арандатушылардың теріс пікірлері бар. Осының бәрі екі күн бойы чаттарда жинала берген, жинала берген. Ал чаттарда қызу қанды жастар көп қой. Ауылдар да бір-біріне жақын орналасқан. Сөйтіп, жұма күні кешке қарай бәрі жұмыстан келгесін жиналып, Масанчиге шығып кеткен», — деп атап көрсетті Калайчиди Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Сондай-ақ, Алексей Калайчиди Қордайда болған тәртіпсіздіктер кезінде қаза болғандардың санын нақтылады.

«Өкінішке қарай, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 10 адам қайтыс болды. 43 адам ауруханаға жеткізілген болатын. Қазіргі кезде 39 адам ауруханада жатыр», — деді Калайчиди астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жарақат алғандардың ішінде құқық қорғау органының 5 қызметкері бар. Үшеуіне оқ тиген.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ляззат Ақтаева да 10 адамның қайтыс болғанын растады. Оның сөзіне қарағанда, оқиға орнында 8 адам қаза болса, тағы екеуі ауруханада көз жұмды. Сегіз адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Оқи отырыңыз: