Нұр-Сұлтан әкімінің бұрынғы орынбасары қашып жүр

87
Фото: Іnbusiness.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі LRT құрылысы кезінде қыруар қаржының ұрлануына қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

№2 департаменттің басшысы Сергей Перовтың айтуынша, қылмыстық істі тергеу аяқталғаннан кейін онымен танысу шаралары басталады. Шығынның жалпы көлемі – 5,7 миллиард теңге.

«Бүгінде осы іс бойынша 10-нан астам адам жауапқа тартылып отыр. Ал қашып кеткендерді іздестіру шаралары жалғасуда. Интерпол арқылы жұмыс істеп жатырмыз. Біз олардың қайда жасырынып жүргенін білеміз. Бірақ тергеу мүддесі үшін айта алмаймын», — деді Перов.

Оның сөзіне қарағанда, жауапқа тартылып жатқандардың ішінде әкімдіктің лауазымды тұлғалары, «Astana LRT» ЖШС мен мердігер компаниялардың өкілдері бар.

«Үш адамға іздеу жарияланды. Олардың ішінде әкімнің бұрынғы орынбасары да бар», — деп атап көрсетті Перов.

Айта кетейік, LRT құрылысы бойынша елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков, «Astana LRT» бұрынғы басшысы Талғат Ардан және мердігер компанияның жетекшісі Абдухамитов іздеуде жүр. Тергеу материалдарына сәйкес, қылмыстық схеманы Сұлтанбеков пен Ардан ұйымдастырған. Олар әкімдікке қарасты басқарма мамандарының көмегімен құрылыстың шығыстарын артық көрсетіп, ақшаны жымқырған.

Оқи отырыңыз: