Қазақстан астанасы мен Алматы қаласы 19 наурыздан бастап карантинге жабылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың таралуына жол бермес үшін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында қосымша шектеу, алдын алу және эпидемияға қарсы шараларды енгізу туралы шешім қабылдады.
Осыған сәйкес, 19 наурызда сағат 00:00-ден бастап екі мегаполисте карантин жарияланады.
Бұдан бөлек, адамдардың қозғалысы, көліктердің кіріп-шығуы шектеледі. Қоғамдық көлік қозғалысы күндізгі уақытта тоқтап немесе шектелуі мүмкін, я болмаса түнде мүлде қатынамайды.
Азық-түлікке жатпайтын тауар базарларын, азық-түлік пен дәрі-дәрмек сататын нысандарды қоспағанда, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысы уақытша тоқтатылады.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс режимі қайта ұйымдастырылады.
Сонымен бірге, карантин аймағының периметрін белгіленіп, кіру-шығу пунктері анықталады.
Арнайы емдеу мекемелері үш санат – вирус жұқтырғандар, инфекцияға күдіктілер мен карантинге алынғандар бойынша үздіксіз жұмыс істейді.
Қоғамдық тамақтану орындары «клиентке дейін жеткізу» қағидаты бойынша жаңа жұмыс режиміне ауысады.
Халықтың азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, тіршілікті қамтамасыз ету заттары мен алғашқы қажеттілік тауарларына тәулік сайынғы қажеттілігін анықталады.
Соңғы дерекке сәйкес, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 32-ге жетті. Нұр-Сұлтанда — 17 адам, Алматы қаласында — 15 адам.
Қазақстанда 16 наурыз таңғы сағат 08.00-ден бастап төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол отыз күнге созылады.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстан коронавирусқа байланысты транзиттік пойыздарды ел аумағына кіргізбейді
- Коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлердің жалақысы 2-3 есе өседі
- Ақтөбеде үлескерлер шу шығарды: Ақша да жоқ, үй де жоқ
Фото: primeminister.kz
Біздің әлеуметтік желілердегі аккаунттарымызға жазылыңыз:
Telegram, Instagram, Twitter, Facebook
Сондай—ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз