Нұржан Нұржігітов: Инвестиция тартуда аудан әкімдері белсенді болуы тиіс

Фото: pixabay.com

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов өңдеу өнеркәсібі саласында негізгі капиталға инвестиция тарту бойынша бірқатар аудан басшыларының жұмысын сынға алды, деп хабарлайды MediaWorld.kz.

Өңірге инвестиция тарту мәселелеріне арналған кеңес барысында аймақ басшысы әрбір ауылдық округте ауыл шаруашылығы саласындағы жобалар жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз ету керектігін қадап айтты.

Биылғы жылдың І тоқсанында облыстағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 63,1 миллиард теңгені құрады. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 13 процентке артық. Жалпы жыл соңына дейін 100,5 миллиард теңгенің 15 жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Инвесторларды ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, жаңартылатын көздер және балық аулау салалары қызықтырып отыр.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біз қолайлы инвестициялық ахуалдың сақталуына мүдделіміз. Әрбір адамға жұмыс істеуге және инвестиция салуға көмектесу керек. Инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингі үдерісі басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің жеке бақылауында болуы тиіс. Биылғы жылы 15 жоба жүзеге асырылады. Аудандардың әлеуетін пайдалана отырып, мұқият талдау жүргізу қажет. Осылайша тағы қандай жобаларды іске қосуға болатынын анықтау керек. Басқармалар мен аудандардың инвесторлармен жұмысына қандай баға бере аламыз? Бұл сұрақтарға талдау жұмыстарының нәтижесінде ғана әділ жауап болады. Бізде нақты іс-қимыл жоспары болуы тиіс, – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.

Оқи отырыңыз: