Өндіріс бар жерде экономика тұраламайды

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді. Мақсаты – кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, ынталандыру, тығырықтан шығуға ықпал ету.

Мемлекет тарапынан бизнес саласының әлеуетін арттыру арқылы біз әлемдік бәсеге тайталас бола аламыз. Ол үшін әуелі Президент іс бастаймын деген жандарға толық қолдау көрсетіп, олардың жолында кездесетін түрлі проблемаларды шешу қажеттігін Үкіметке, облыс басшыларына тапсырған еді. Жамбыл облысында осы күні бұл саланың әлеуеті артып, Үкімет қолдауының шарапатын мыңдаған жергілікті тұрғындар көруде.

Әулиеата өңірінде 2022 жылдың бірінші шілдесіндегі ақпарат бойынша, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 77 193 құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 109,5% артқан. Жыл басынан 116,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 114,6 пайызды құраған. Кәсіптің кең етек жайғаны біріншіден облыс экономикасы үшін маңызды. Мұнан соң сол аумақта жаңа жұмыс орындары құрылады. Жоғары аталған бизнес нысандарында 128 753 мыңнан астам жергілікті тұрғындар жұмыс істейді. Жалпы 1 тоқсанда бизнес үлесі 15,7, ал жалпы қосылған құн көлемі 76 617 миллион теңгені құрады.

Сонымен қатар есепті жылы жамбылдық кәсіпкерлік субъектілеріне 10,5 миллиард теңге шағын несие берілген. Екі мыңнан астам азаматқа 3,3 миллиард теңге грант бөлінген. Бұл қаражаттың 48,5 пайызы, яғни 22,8 миллиард теңгесі екінші деңгейлі банктер арқылы, 13,8 пайызы, яғни 6,5 миллиард теңгесі «ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингінің еншілес компанияларының қолдауымен, 37,7 пайызы микроқаржы ұйымдары арқылы бөлінген. Берілген несиелердің 20,8 пайызы, яғни 9,8 миллиард теңгеге 544 жоба мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылған.

Осы орайда реті келіп, Жамбыл облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевты сөзге тарттық.

– Тұжырымдама аясында кәсіпкерлердің құқықтары мен мүддесін қорғау үшін прокуратура жанынан сараптамалық кеңес құрылды. Одан бөлек, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес те бизнес өкілдерінің құқығының тапталуына жол бермеуде. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы аяқтан енді ғана тұрған кәсіпкерлерді ғана емес ірі жобаларға да инвесторлар тартуды көздеп отырмыз. Бұл бағытта алға қойған болжамымыз бойынша, жалпы құны 2,1 триллион теңгені құрайтын 443 жобаны іске қосып, онда 10,1 мың жаңа жұмыс орнын құрамыз деп отырмыз.

Соңғы уақытта Жамбыл облысында өнеркәсіпті дамыту бағытында «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын құру туралы бастамалар жиі көтерілуде – деген басқарма басшысы, бұл бағытта да биыл ауқымды жұмыстар жүргізіле бастағаны туралы кеңінен баяндады.

Оның айтуынша, арнайы экономикалық аймақта тек химиялық жобалар болмайды. Өйткені, біз зерделей келе, хмиялық паркте 3 инвестициялық жобаны іске асырсақ па деп отырмыз. Атап өтсем, «Qazsugar Co» компаниясы бұл жылына 150 мың тонна қант шығаратын өндіріс ошағы болмақ.

«AltynalmasReagents» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 25 мың тоннаға дейін натрий цианидін өндіреді. Ал «TAS Market» ЖШС – жылдық қуаттылығы 60 мыңнан 100 мың тоннаға дейін ферросилиций, ферросиликомарганец, техникалық кремний, түсті металл өндіретін металлургиялық комбинат құрылысы болмақ, – деді Аспандияр Мұраталыұлы.

2022 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысымен облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары тарапынан 390,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 108,1 пайызды құрапты. Оның ішінде облыс орталығы Тараз қаласының кәсіпорындары арқылы 238,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда меже 108,5 пайызды көрсеткен. Облыс орталығының жалпы өнеркәсіптегі үлесі – 61 пайызды құрайды. Бұл өңір экономикасын өрге сүйреудегі басты көрсеткіштің бірі.