Тауар өндіретін шағын кәсіпкерлерді қолдау — уақыт талабы. «Nur Otan» партиясының PRIMARIES — 2020 ішкі партиялық іріктеуіне қатысушы Қайырлы Таукен сайлауалды бағдарламасына осындай тарау енгізіпті.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл бірінші қыркүйектегі халыққа Жолдауында Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырған болатын. Артық тесерулерді де доғару керектігін алға тартты.
Қайырлы Кеңесбекұлы Президенттің бұл бастамасы шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлерге үлкен жеңілдік болғанын айтады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, өндіріспен айналысатын кәсіпкерлерді қолдау шараларын күшейткен жөн деп есептейді.
«Біз ең алдымен өнім өндіретін кәсіпкерлерге жағдай жасауымыз керек. Мемлекет 3 жылға дейін табыс салығынан босатты. Бұл үлкен көмек. Енді шикізатқа иек артпай, елімізде жеңіл өнеркәсіптің дамуына мүмкіндік берген дұрыс. Біз көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан асып түсуіміз керек. Өйткені, бізде шикізат жетеді. Тек соны ұқсата білу маңызды. Елорданың маңынан арнайы экономикалық аймақ ашылды. Бірақ, ол жерде ірі кәсіпорындар ғана жұмыс істей алады», — дейді депутаттыққа үміткер Қайырлы Таукен.
Шағын кәсіпорындарға барынша көңіл бөлінуі тиіс. Өйткені, өнімге сұраныс бар, айналымы да жылдам болады. Бір сөзбен айтқанда импортты алмастыратын дүниелерге басымдық берген дұрыс.
«Бізде «Қарапайым заттар экономикасы» деген тамаша бағдарлама қабылданды. Осыны іске асыру үшін шағын өндіріспен айналысатын кәсіпкерлерді ірі сауда орталықтарының маңайына шоғырландыру керек. Өйткені, халық көп жүреді. Кәсіпкер мына жерден өнімін шығарып, екінші есіктен оны саудаға шығара алатындай мүмкіндік туғызуымыз керек. Содан кейінгі бір мәселе кәсіпкерлерді қағазбастылықтан босату қажет. Ол кәсіппен айналыса ма, әлде есеп жасаумен отыра ма? Мысалы, 3 жылға дейін салықтан босатылғанмен, беріп тұратын есебінен босатылған жоқ. Өндіріспен айналысатындарды салықтан бес жылға дейін босатса да артық болмайды. Бес жылда олар үлкен кәсіпкерге айналады, болашақ салық төлеуші солар. Бір сөзбен айтқанда кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне жағдай жасалмаса, сала дамымай қалады. Осыны ескеру керек», — дейді Қайырлы Кеңесбекұлы.
Осындай мәселелерді күн тәртібіне шығарып, Парламент қабырғасында талқылау үшін сайлауалды бағдарламасына енгізген Қайырлы Таукен өндірісі өрістеген жұрт озады, деген пікірде. Кәсіпкерлердің ортасында жүрген соң мәселені ішкі жағынан көре білген азаматтың ұстанымы мен ұсыныстары қолдау табуы тиіс.
Оқи отырыңыз:
- Құдалық пен қыз ұзату тойын өткізген алматылықтарға ірі көлемде айыппұл салынды
- Белгілері ұқсас: дәрігер коронавирус пен тұмауды қалай ажыратуға болатынын айтты
- Жюль Верн мен Кенесары хан қашан кездескен?