Онколог дәрігер қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін тағам туралы айтты

Фото көрнекілік үшін pixabay.com сайтынан алынды

Кейбір тағамдар қатерлі ісіктің (рак) дамуын тудыруы мүмкін. Бұл туралы «Алматы онкология орталығының» скринингтік-диагностика бөлімінің меңгерушісі Сұлу Садықова айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Онколог дәрігердің айтуынша, фастфуд, жартылай фабрикаттар, шұжықтар, консервілер, газдалған сусындар, маргарин, чипсы және снектерді тұтыну мөлшерін азайту керек. Өйткені мұндай өнімдер денсаулыққа қауіпті және болашақта қатерлі ісіктің дамуына әкелуі мүмкін.

Сондай-ақ Сұлу Садықова қатерлі ісік ауруының даму қаупі тағамды дайындау тәсіліне де байланысты болуы мүмкін, мысалы, картофель фри көп мөлшердегі маймен және жоғары температурада пісіріледі, салдарынан өнімдегі акриламид химиялық элементі канцерогенге айналады.

Ал кей көкөністер, керісінше, онкологияның даму қаупінің алдын алуы мүмкін екенін айтты сарапшы. Мәселен, брокколиде қатерлі ісікке және бактерияға қарсы әсері бар сульфорафан бар, қызыл бұрышта қатерлі ісіктердің даму қаупін азайтатын капсаицин көп.

«Негізі әр нәрсенің реті болуы керек, ал диета бірқалыпты болғаны абзал», — деп қосты онколог.

Автор: Рамазан Есмағамбетов