Фото: ZHUASBAYEV BAUYRZHAN / ҚАЗАҚСТАН ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ. Қордайдағы құқық қорғау органдарының қызметкерлері

Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Сортөбе ауылында болған полицейлермен текетірестің Масаншыдағы жаппай төбелеске қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Екі ауыл бір біріне жақын және Қордай ауданында орналасқан, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Сортөбедегі текетірес мүлдем бөлек жағдай. Біріншіден, біз өзімізді қорғай аламыз. Екіншіден, ол жерде полицейлерге қарсылық көрсеткен барлық адам жауапқа тартылды. Екеуі ұсталды, біреуінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды», — деді Калайчиди Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Оның айтуынша, Сортөбеде көлік мінген жастар жол жүру ережесін бұзған. Сол үшін тоқтатылған болатын. Артынан полицейлерге қарсылық көрсеткеннен кейін қылмыстық іс қозғалды. Енді әкімшілік жауапкершілік емес, қылмыстық жаза қолданылады.

Айта кетейік, Сортөбе ауылында полицейлерге күш көрсету оқиғасы 7 ақпанда күндіз болған. Ал кешкі сағат 19:00-де жақын жердегі Масаншы ауылында жаппай төбелес басталды. Оның арты тәртіпсіздіктерге ұласты.

Жаппай тәртіпсіздіктер неден басталды

Ресми мәліметке сәйкес, бәріне 5 ақпандағы оқиға түрткі болған. Екі ауыл тұрғындары арасында кикілжің туындаған. Ол күні Масаншыда үш адам мінген көлік жолмен келе жатқан, тағы үшеуі жүк көлігімен ауладан шығып жатса керек. Сөйтіп, біреуі екіншісіне жол бермей, жанжал туындаған. Әдеттегідей, сөзден басталған кикілжің төбелеске ұласып кеткен.

Сол күні полиция келіп, кінәлі адамдарды анықтады. Біреуі қамауға алынса, екеуінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Жанжалға қатысқандардың ішінде жасы үлкен ер адам да болды. Оның сан сүйегі сынған. Дәл осы кикілжіңнің видеосы маңайдағы ауыл тұрғындары арасында тарап кетті. Видеоны таратқандардың пікірлері де тым қатты болды.

«Ол жақта әрбір ауылдың өз чаттары бар. Видео сол чаттарда тарап кеткен ғой. Егде жастағы адамның соққыға жығылғаны, сосын арандатушылардың теріс пікірлері бар. Осының бәрі екі күн бойы чаттарда жинала берген, жинала берген. Ал чаттарда қызу қанды жастар көп қой. Ауылдар да бір-біріне жақын орналасқан. Сөйтіп, жұма күні кешке қарай бәрі жұмыстан келгесін жиналып, Масаншыға шығып кеткен», — деді Калайчиди Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Қордайдағы оқиға

7 ақпанда кешкі сағат 19:00-де Жамбыл облыстық полиция департаментіне «Қордай ауданының Масаншы ауылының жанында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр» деген ақпарат түсті. Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін дереу полиция қызметкерлері жіберілді. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратты.

Соның салдарынан жақын жердегі Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарынан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылды. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрған. Тіпті, қару да қолданған. Салдарынан 8 адам қаза болды. Кейін ауруханада тағы екі адам көз жұмды. Жүздеген адам жарақат алды. Қырғызстан жаққа өтіп, емделіп жатқандар да бар. Жаппай тәртіпсіздік кезінде үш полицейге оқ тиді.

Қазіргі мәліметке сәйкес, 30-дан астам жеке үй, 15 сауда үйі мен 23 көлік зақымданған. Кеше сағат 21:00-ден бастап Қордай ауданында төтенше жағдай енгізілген.

Кеше ұсталған адамдардың көбісі босатылды. Сотқа дейінгі тергеу шаралары қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша жүргізіліп жатыр.

Оқи отырыңыз: