Қостанай облысындағы «балық адам» 45 жылдық азабы туралы айтты

Фото: Экспресс К

Оның терісі үнемі қабыршықтанып тұрады. Жанына батқан ауруды емдетемін деп бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Дәрігерлер мен емшілердің талайын көрді. Осы аурудың кесірінен отбасын да құра алмай жүр.

Туабітті ихтиоз дертіне шалдыққан Рустам Құрмамбаевтың жасы үлкейген сайын жағдайы тіпті қиындай түскен, деп хабарлайды Экспресс К.

Бүгінде оның жасы 45-ке таяған. Кейінгі кезде асқынған ауруының кесірінен аяқ-қолының сіңірі тартылатынды шығарды. Терідегі қабыршықтар сіресіп, қышығанда жанын қоярға жер таппайды.

Әке-шешемнің ата тегінде мұндай ауру болған емес. Бауырларымда да жоқ. Осы аурудың кесірінен жарқылдап жүре де алмайсың. Туғаннан күресіп келеміз. Көптеген ауруханаға, емшілерге бардық. Бірақ ешкім емін білмейді, — деп мұңаяды Рустам.

Фото: Экспресс К

Ол Әулиекөл ауданының Соснов ауылында тұрады. Ал ауылда күнде суға түсуге жағдай жоқ. Сондықтан, туыстарының қаладан шағын бөлмелі болса да пәтер алуға құзырлы органдар мен қайырымды жандар көмек қолын созса деген тілегі бар.

Өзі тұйық адам. Ешкімге алақан жайғысы келмейді. Оның қиналғаны біздің де жанымызға батады. Ауылда күнде монша жағу керек. Қалада тұрса жылы ваннаға түсіп алар еді. Былайша айтқанда, судан шықпау керек қой. Өйткені қабыршықтар қатып қала береді, — дейді жиені Айдар.

Рустам денесіндегі қабыршықтарды сұйық маймен жібітіп жүр. Амал жоқ, керек жақпамайдың бәрі қымбат әрі бір жаққанда бес-алтауын бітіреді. Оған екінші топтағы мүгедектігіне берілетін жәрдемақысы жетпейді.

«Балық адам» 1980 жылдан бері аудандағы аурухана есебінде тұр. Жергілікті дәрігерлер оған қажетті дәрумендер тағайындалып тұратынын айтады. Әйтсе де, дерт жазылып кетпейді. Оған судан шықпаудан басқа амал болмай тұр.

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға жазылыңыз: Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз