Қостанайда бесінші сынып оқушысы жанып жатқан үйден төрт баланы аман-есен алып шыққан

Фото: instagram.com/qostanai_tjd/

Қостанайда бесінші сынып оқушысы жанып жатқан үйден 4 баланы құтқарды. Бұл туралы Қостанай облысының төтенше жағдайлар департаменті Instagram парақшасында хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

ТЖД мәліметінше, 25 желтоқсанда сағат 11:36-да «101» қызметіне Қостанайдағы «Садовод» саяжай қоғамдастығының аумағында өрт шыққаны жайлы қоңырау түскен.

Оқиға орнына өрт сөндірушілер келген кезде 6 адам тұратын тұрғын үй өртеніп жатқан. Өрттің аумағы 60 шаршы метрді құраған. Ал үйде ешкім болмаған.

Белгілі болғандай, саяжай аумағында тұратын Қостанай қаласының № 22 орта мектебінің 5 сынып оқушысы Олег сол күні көшеде ойнап жүріп, көрші үйден қалың түтінді байқап қалған. Олег мұнда көп балалы отбасы мен кәмелетке толмаған балалар тұратынын білетін.

Сондықтан ол өрт сөндірушілердің келуін күтпей, түтіндеген үйдің ішіне терезе арқылы кіріп, өз өмірін қатерге тігіп, кезекпен төрт баланы көшеге шығарған.

«Бұл уақытта үйде ата-аналар болмаған, олар пешті тұтатып, дүкенге шығып кеткен. Ата-аналар келгенге дейін құтқарылған балалар көршілерінде болды. Құтқарылғандар медициналық көмекке мұқтаж емес», — дейді Қостанай облысының төтенше жағдай департаментінен.

Ведомство оқиға орнында 4 бірлік техника, өрт сөндіру қызметінен 17 адам және қаланың басқа да шұғыл қызметтері жұмыс істегенін атап өтті. Одан бөлек, өрт сөндірушілер жанып жатқан үйден екі газ баллонын алып шыққан.

Құтқарушылар өртті 12:07-де ауыздықтап, көрші саяжай учаскелеріне таралу қаупін жойған. Сағат 12:28-де өрт толықтай сөндірілген.

Ал өрттің шығуына пешті дұрыс пайдаланбау себеп болуы мүмкін, дейді Қостанай облысының төтенше жағдай департаменті.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от ҚР ТЖМ ТЖД / ДЧС МЧС РК (@qostanai_tjd)

Автор: Адина Жусупова

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға жазылыңыз:

Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондайақ біздің Facebook тегі тобымызға қосылыңыз