Пәтер жалдап тұратындар коммуналдық төлемге 15 000 теңге ала алмайды

261
Фото: pixabay.com

Алматы тұрғындарының жеке шоттарына коммуналдық төлемдер үшін бюджеттен өтемақы барлық азаматтарға берілмейді. Бұл туралы қала билігі онлайн-брифинг кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz.

Алматы қаласының энерготиімділік басқармасының бастығы Әсет Масабаевтың айтуынша, әкімдік қазірге дейін коммуналдық қызметтерді төлеу үшін жеке есепшотқа 15000 теңге өтемақы алуға 2011 өтінішті мақұлдады. 2062 өтініш қабылданбады.

— Соңғы 3 күннің ішінде бізге 341-05-27 телефон арқылы 20 520 қоңырау келіп түсті, 4073 қоңырау өңделді, қалғаны көптеген өтініш берушілердің өтемақы алуға құқылы азаматтар санатына жатпайтынына байланысты қабылданбады. Өтемақы бәріне берілмейді, — деді Әсет Масабаев.

Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес, Индустрия министрлігі коммуналдық қызмет көрсетушілердің шығындарды өтеу ережелерін бекіткен. Құжатқа сәйкес, сәуір-мамыр айларында өтініш берген және жеке шоттары бар келесі категорияларға жататын азаматтардың жеке шотына 15000 теңге түседі:

  • 1, 2 және 3 топ мүгедектері
  • Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар
  • Көпбалалы отбасылар
  • Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары
  • ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар
  • Мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау кезінде, әскери қызметте, ғарышқа ұшуға дайындық кезінде, адамдарды құтқаруда және заңдылық пен тәртіпті қорғауда қаза тапқандардың отбасылары
  • Ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер
  • Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын адамдар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер.

— Осы санатқа кіретін көптеген азаматтар пәтер жалдап тұратынын, өтемақыны қалай алуға болатынын сұрайды. Өкінішке қарай, бұл адамдарға өтемақы берілмейді. Бірақ мемлекеттен жалдамалы тұрғын үй алып, есеп-шотында өз аты-жөні көрсетілгендер ала алады. Ал өзге біреумен бірге тұратын адамдарға бұл көмекті көрсету мүмкін емес, — деді Әсет Масабаев.

Ең бастысы, өтемақы алуға өтініш беруші жоғарыда аталған категориялардың қатарында болуы керек және коммуналдық төлемдердің дербес шоты өз атында болуы керек.

Алматы қаласы бойынша әлеуметтік төлемдерді бақылау басқармасы бастығының орынбасары Динара Байсинова зейнеткерлердің барлығы да жеке шоттарына өтемақы ала алмайтынын түсіндірді.

— Қазір ең төменгі зейнетақы мөлшері 40 441 теңгені құрайды. Ең төменгі зейнетақы тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес белгіленді. Соған байланысты, алатын зейнетақысы 40 441 теңгеден асатын зейнеткерлер ең төменгі зейнетақы алушылар санатына жатпайды, — деді ол.

Алматы қаласы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Рахат Шимашеваның есебінше, 15 мың теңгелік коммуналдық төлем өтемақысын 108 500 адам ала алады, бұл тізім жаңартылып, толықтырылуда. Олар 341-05-27 нөміріне қоңырау шалып, осы көмекке құқығы бар екенін мәлімдеп, ЖСН мен жеке шот нөмірін айтуы қажет.

Сәуір айының төлемдері үшін 15000 теңге өтемақы мамырда, мамыр айы үшін өтемақы маусым айында беріледі. Наурыз айы үшін өтемақы көзделмеген.

Сондай-ақ, карантин уақытында коммуналдық төлемді шегеруге болады.

— Коммуналдық қызмет көрсетушілер төлемдерге шегерім ұсынуға дайын. Егер қазір төлеуге мүмкіндігіңіз болмаса, әрбір қызмет көрсетушінің байланыс орталығына хабарласып, төлемді кейінге қалдыра аласыз. Бірақ бұл шегерім тек карантин кезеңінде ғана беріледі. Карантиннен кейін қарыздар жыл соңына дейін жабылуы керек, — деді Масабаев.

23 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев карантин кезеңінде коммуналдық қызметтердің құнын төмендетуді тапсырған болатын. Карантин енгізілген аймақтарда екі ай бойы халықтың әлеуметтік осал топтарының абоненттік шоттарына 15 мың теңге көмек бағытталады, деген шешім қабылданған.

Оқи отырыңыз:

Фото pixabay.com сайтынан алынды

Біздің әлеуметтік желілердегі аккаунттарымызға жазылыңыз:

Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз