«НеМолчиKZ» қорында тағы бір зәбір көрген келіншек жайлы белгілі болды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Қоғам белсенділерінің сөзінше, ерлі-зайыптылар Қызылорда облысында тұрған. Жеті ай бойы азамат азаматтық некедегі жарын мазақ етіп, құлдықта ұстаған. Кейіннен келіншек Алматыға қашып кеткенімен, экс-жары оны оңтүстік астанадан да тауып алыпты.
Бұл оқиғаның мән-жайы қоғамдық қордың Facebook парақшасында баяндалған. Жеті ай бойы жұбайынан қорлық көрген нәзік жанды Алматыға қашып кеткен екен. Оның оңтүстік астанаға жол тартуына құрбысы көмектесіпті. Осылайша, сиыр саууы тиіс болған келіншек жолға шығып, такси ұстап, автовокзалға бет алған. Онда құрбысы келгенше бірнеше сағат дәретханада жасырынып отырған. Ал Алматыға тамыз айында келіп жетіпті.
Алайда, 18 қыркүйек күні бұрынғы күйеуі тағы да өзін еске салады. Қоғам белсенділерінің сөзінше, ол Алматыда әйелдің барлық таныстары мен туыстарын аралап, қорқытып, кездесуді талап етеді. Ал кешке ол келіншекті алдап, жалдамалы пәтерге әкеліп, аяқ-қолын байлап тастайды.
«Ол мені қой сияқты бауыздап, басымды Қызылордаға алып кетемін деді»,- дейді қоғам белсенділерімен хабарлама арқылы сөйлескен әйел.
Кейіннен, жәбірленушінің айтуынша, бұрынғы күйеуі тамағына пышақ тақап, пластикалық пакетпен бірнеше рет тұншықтырған. Артынша жатын бөлмеге апарып, төсекке лақтырып, таңға дейін зорлаған.
Бұрынғы күйеуі оқиғаның барлығын видеоға түсірген. Ал біреуге айтқан жағдайда жанұясын өлтіретінін айтқан. Келіншектің сөзінше, ол сәті түсіп, қамаудан құтылып шығып, полицияға арыздана алған.
Қоғам белсенділері әйел көптеген жарақат алғанын, денесінің бәрі көгеріп, қабырғалары сынғанын айтады.
Қор жазбасына сәйкес, күдікті ұсталған. Одан зорлаудың дәлелдері бар телефон да анықталыпты. Видеоны көргеннен кейін құқыққорғаушылар қылмыстық іс қозғаған. Алайда, кейінірек оны босатып, ұялы телефонын қайтарып беріпті.
Қоғам белсенділері Алматы қаласы Полиция департаменті басшылығынан аталған істің тергеу барысын бақылауға алуды сұрады. ПД баспасөз қызметі хабарлағандай, Алмалы ауылдық полиция басқармасына 22 жастағы әйел жүгінген. Ол 27 жастағы азамат өзіне қорлық көрсеткенін айтқан.
Факт «Сексуалды сипаттағы зоорлық әрекеттер» бабы бойынша тіркелді. Азаматтан жауап алынды. Ол жыныстық зорлықты теріске шығарып, осыған дейін жеті ай бойы арыз жазушы әйелмен бірге тұрғанын айтыпты. Қазір сараптамалар тағайындалған екен. Сараптама нәтижесіне сәйкес, соңғы процессуалдық шешім қабылданбақ.
Оқи отырыңыз:
- Қарабатанға Қытай азаматтарының келгенін бейнежазбаға түсіріп алған
- «Борат — Американың тыңшысы» — заңгер
- Қазақстан бюджеті биыл 1 трлн 100 млрд теңге табыстан қағылды