Парламентте банктен кредит алғандардың мәселесіне қатысты заң жобасы қаралды

Фото: pixabay.com

Сенат екінші деңгейлі банктердің кепілдік саясаты мен бағалау қызметін реттеуге арналған заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Бірақ екінші оқылымнан өтпей қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сенатор Нұрлан Қылышбаевтың айтуынша, Алматы қаласындағы қанды оқиғадан кейін кредит берушілер мен қарыз алушылар арасындағы қарым-қатынасты, әсіресе баспанаға қатысты мәселені реттеу қажеттілігі арта түсті. Мемлекет басшысы да осыны жан-жақты зерделеуді тапсырды.

«Қарастырылып жатқан заң жобасы мемлекет басшысының осы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді және жылжымайтын мүлік ипотекасын, екінші деңгейлі банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметі мен атқарушылық іс жүргізу мәселелерін реттейтін заңдарға өзгерістер мен толықтыруларды қамтиды, сондай-ақ қарыз алушының жағдайын жақсартуға бағытталған», — деді Қылышбаев сенаттың жалпы отырысында.

Заң жобасының негізгі бағыттары:

  • борышкерге кепілге қойылған мүлікті өзі сатуына мүмкіндік беру;
  • кей жағдайларда кепіл берушіге кепіл нысанасын ауыстыру мүмкіндігін беру;
  • пайдакүнемдік мақсаттардың туындауын болдырмау үшін кепіл ұстаушының және онымен аффилиирленген тұлғалардың сатып алушы ретінде аукционға қатысуына тыйым салу.

«Атқарушылық іс жүргізу саласында да борышкердің мүдделерін қорғау мақсатында борышкерге тыйым салынған жылжымайтын мүлікті өз бетінше сату құқығын беру ұсынылды, сату бағасын 75 проценті деңгейінде төмендету шегі белгіленді, аукционды өткізу тәртібіне өзгерістер енгізілді», — деп атап өтті сенатор.

Бұдан бөлек, заң жобасында бағалаушылардың қызметіне қойылатын талаптар да қатаңдатылған.

Бүгін сенаттың арнайы комитеті заң жобасын тағы қарап, екінші оқылымға шығарған. Сол кезде депутаттар қарызды өтеуге қатысты түзету енгізді. Бұдан басқа да өзгерістер бар. Осыған байланысты сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару, екінші деңгейлі банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметін реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын барлық түзетумен бірге мәжіліске қайтарды.

Айта кетері, 20 қыркүйекте Алматының Ақбұлақ шағын ауданында орналасқан жекеменшік үйдің иесі сот үкімін орындауға келген бес адамды атып тастады. Оқиға орнында сот орындаушысы, учаскелік инспекторлар, үйдің жаңа иесі мен оның танысы көз жұмды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бес бірдей адамды атып тастаған борышкердің әрекетін ақтауға болмайтынын баса айтты. Себебі ондай дау-дамайлар тек құқықтық тәртіппен ғана шешілуі қажет. Алайда Тоқаев трагедияға себеп болған негізгі мәселелерді жан-жақты зерделеп, қажет болса, заңға өзгеріс енгізуді тапсырған болатын.

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға жазылыңыз:

Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз