Партия пәрмені пияз бағасын түсіре ала ма?

«Amanat» партиясының Жамбыл облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Басқосуда фракция мүшелері жаңа оқу жылының басталуына байланысты кейбір білім беру мекемелерінде жүріп жатқан құрылыс қарқынын қарады. Жиында мұнан өзге жанар-жағармай өнімдерімен қамтамасыз ету, азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды MediaWorld.kz ақпараттық порталының тілшісі.

Жамбыл облысында ағымдағы жылы білім саласында 24,4 миллиард теңгені құрайтын 23 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Атап өтетін болсақ, 17 жаңа мектептің, 1 мектептен тыс даму орталығы, 3 жапсарлас құрылыс, 1 колледжге ангар, 1 мектептің сыртқы инженерлік желілері мен абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Салынып жатқан ғимараттардың алтауы осы қыркүйек айына дейін толық аяқталуы тиіс. Оның ішінде жұмыс кестесінен кешігіп келе жатқан нысандар да бар. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының бөлім басышы Нұржан Мұратов мектеп, балабақша, сондай-ақ жатақхана құрылыстары барысын таныстырған еді. Десе де біраз шикіліктің бары анықталды. Мақсатты орындауға қомақты қаржы бөлінгенімен, жұмыс сылбыр екенін фракция мүшелері қынжыла айтты.

Кейбір мектептер мен балабақшаларда күрделі жөндеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Сонда сіздерге берілген уақыт жетпеді ме әлде соңына дейін созуға міндеттісіздер ме? Міне, бүгін айдың аяғы таяп қалды. Небәрі екі аптаға жетпейтін уақытта оқушылар мектепке барады. Әлі бітпеген білім ошақтары бар. Оқу басталғанда не істейсіздер? Бұдан бөлек, сапасын да бақылап жүрміз. Бір мектепті жақсы деп, ешкім айтып жатқан жоқ, – деді облыстық мәслихаттағы фракцияның жетекшісі Мұқаш Ескендіров.

Аталған мәселені жауаптылар «дер кезінде шешеміз» деп уәдесін үйіп-төкті. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы қаралды. Жүргізілген мониторингке сәйкес, азық-түлік тауарларының инфляциясы апта ішінде 0,1 пайызды құрап, 2 тауар түрі бойынша өсім қалыптасқан. Олар – картоп 2,2 пайызға, тауық еті 1 пайызға қымбаттаған. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының үстемақысын 15 пайыздан жоғары асырған 19 сауда нүктесіне хаттамалық ескерту беріліп, 1 сауда нүктесіне Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 204-4 бабына сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіш соммасында айыппұл салынды. Ескерте кетейік, маңыздылығына қарай тағы екі тауарға 29 тамыздан бастап, шекті баға енгізілетін болады. Осыған сәйкес ендігіде республиканың барлық сауда нүктелерінде қырықабат 239, ақ қант 379 теңгеден асатын бағада сатылмауы қажет. Ал сары май 3 012, тұзды 67 теңгеден асырмау туралы қаулы жобасы Әділет министрлігіне тіркеуге жіберіледі.

Жамбыл облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев өнімді сауда орындарына делдалсыз тікелей жеткізу бойынша отандық тауар өндірушілермен келісімшарттарға қол қою жұмыстары күнделікті жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жататын 9 тауар түріне 155 сауда орнымен келісімшарт жасалды. Жыл басынан бүгінгі күнге дейін «Делдалсыз схемасы» аясында 1 812 тонна азық-түлік жеткізілді. Мәселен бірінші сұрыпты бидай ұны бойынша 8 дүкенмен 180-200 теңге арасында сатуға келісімшарт жасалды. Бұдан бөлек макарон өнімдерін 250 теңгеден асырмау үшін 12 нүктемен, тауық етін – 28 (1 000-1 100теңге арасында), айран – 57 (220-260 теңге), сүзбе – 20 (1 100-1 400 теңге), тауық жұмыртқасы – 14 (35-36 теңге арасында), тұздалмаған сары май – 12 (2 800-3 000 теңге арасында), қант – 1 (470 теңге), ас тұзы бойынша 3 дүкенмен (45-46 теңге арасында) келісімшартқа тұрдық. Сонымен қатар өңіріміздегі ірі сауда орындары шаруа қожалықтармен және жеке кәсіпкерлермен форвардтық келісім-шарт жасасты. Барлығы 11 442,5 тонна азық-түлік 244 дүкенді қамтиды, – деді Жамбыл облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев.

Тауардың бағасын тұрақты сақтап тұру мақсатында форвардтық жүйеде Меркі ауданында пилоттық жоба енгізілген. Ауданда сыйымдылығы 1 300 тонна көлемінде сақтау қоймасы орналасқан. Аталған қойма егесі Александр Бондарь өндірістік инфрақұрылым жүргізу үшін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау алып, қойманың ауқымын кеңейтіпті. Бүгінде жеке кәсіпкерлер және шаруа қожалық егелерінен аталған қоймаға өз өнімдерін сақтау бойынша келісім алынды. Бұл ретте қоймаға күзгі жиын-терін кезінде 80 тонна сәбіз, 200 тонна картоп, 60 тонна қырыққабат және 300 тонна пияз көкөністерін сақтау үшін тиісті жұмыстар ұйымдастырылып жатыр. Сақтау қоймасының толық мүмкіндіктері пайдаланылса, жоба басқа да аудандарда жалғасатын болады.

Фракция отырысында қаралған мәселелер бойынша бірнеше сауал туындады. Азық-түлік жеткілікті болумен қатар, көкөніс бағасы сынға алынды. Мәселен тұрғындар күнделікті тұтынып жүрген пияз өнімі. Былтырға дейін дәл осы өнім қымбатқа бағаланбаған еді. Бір келісі 50-60 теңгеден, асыра айтқанда 90 теңгеден аспайтын. Қазір әр жерде әрқалай, келісі 100-150, тіптен 200-300 теңгеге дейін сатылып жатыр. Бұл қат болатын дүние де емес. Өйткені Жамбыл облысы ауыл шаруашылығында пияз өсірумен аты шыққаны мәлім. Аталған сауалға облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серікхан Қуатұлы түсініктеме берді. Ол өз сөзінде:

«Ерте пісетін пияз өнімі 4 800 гектардан астам алқаптан жиналды. Оның 119 000-нан астамы ішкі тұтынумен қатар, сыртқа да сатылуда. Алдыңғы жылы пияз өнімі 24 000 гектардан жиналған болатын. Бұл өткен жылға қарағанда 500 гектарға артып отыр. Қазір алқап басында пияздың бір келісі 100-110 теңге аралығында сатылып жатыр, мұндағы бағаны көтеретін ортадағы делдалдар мен базардағы саудагерлер», – деді.

Жиында көтерілген проблемалар бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалының депутаттық фракция мүшесі Салтанат Байкееваның депутаттық міндетін атқару туралы есебі де тыңдалды.