Баянауылда жеңіл көлік жүргізушісі екі жасөспірім мінген мотоциклмен соқтығысты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Павлодар облысының полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
12 қыркүйек сағат 18:00-де Баянауыл ауылында Toyota Camry V10 көлігінің 24 жастағы жүргізушісі жол қауіпсіздігі ережесін сақтамай, YAQI маркалы мотоциклмен соқтығысқан. Ал мотоцикл тізгінінде 14 жастағы жасөспірім отырған.
Жол апаты салдарынан 2008 жылы туған мотоцикл жүргізушісі мен 2009 жылы туған жолаушы дене жарақатымен ауруханаға түсті.
Полицейлер көліктер мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылғанын атап өтті. Тексеру жүргізіліп жатыр.