Әбілқайыр Сқақов. Фото: astana.gov.kz. Болат Бақауов. Фото: instagram.com/bbakauov

Павлодар облысының жаңа әкімі Әбілқайыр Сқақов журналистермен кездесу барысында қазір қамауда отырған экс-әкім Болат Бақауов жайлы айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Әбілқайыр Сқақов Бақауов басқарған уақытта облыста ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылғанын атап өтті. Ол, әсіресе, жол құрылысы, жұмыс орындарының пайда болуы мен сумен қамтамасыз ету мәселелерін атады.

«Болат Жұмабекұлының кезінде айтарлықтай жұмыс атқарылды. Құрылыс, жаңа өндірістердің құрылуы, инвестжобалар жоспарлы түрде жүзеге асып отырды. Облыс стратегияға сәйкес алға жылжыды. Сумен қамтамасыз ету және жол сапасы мәселесі 82 пайызға орындалды.

Жұмыспен қамту мен жұмыс орындарын құру бойынша нақты бағдарлама жұмыс істеді. Мұны атап өту керек. Бірақ, жаңа міндеттер мен жаңа тапсырмалар бар. Бізге облыста бар әлеуетті максималды түрде пайдалануға тырысу қажет», — деді Павлодар облысының әкімі.

Жаңа әкім Павлодар облысының басшысы болып тағайындалуына қатысты да пікір білдірді. Ол өзіне Қазақстан президенті мен Елбасы сенім артқанын түсінген. Сондықтан, аталған қызметті ұсынған сәтте бас тарта алмаған.

«Мен мемлекеттік қызметте жүрген 25 жылымда өзімді жіберген аймақтардан қашқан емеспін. Қазір де сондай жауап. Қайда жібересіздер, сонда жұмыс істеймін. Мен осы облыста дүниеге келдім және 15 жыл бойы еңбек еттім. Өз туған жерімде еңбек ету — мен үшін үлкен жауапкершілік», — деді Әбілқайыр Сқақов.

Еске сала кетейік, 15 қаңтарда Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың ұсталғаны жайлы ақпарат тарады.

16 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты 15 қаңтарда жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілгенін мәлімдеді.

17 қаңтарда Павлодардың тергеу соты Болат Бақауовты екі айға қамауға алу туралы санкция берді.

Сонымен қатар, сотта 2016 жылдан бері өңірге басшылық етіп келген Бақауовтың не үшін күдіктеліп жатқаны айтылды.

21 қаңтарда мемлекет басшысының жарлығымен Болат Бақауов Павлодар облысының әкімі қызметінен босатылды.

Оқи отырыңыз: