«Павлодар-Сода» ЖШС басшылығы: кальций қосылған сода өндірісі Ертіс өңіріне экологиялық кесірін тигізбейді

40
Фото: Pavlodarnews.kz/Наталья Зинченко

23-шілдеде Павлодар қаласында «Павлодар-Сода» ЖШС басшылығы баспасөз мәслихатын өткізіп, қаланың солтүстік өндіріс аумағындағы кальций қосылған сода зауытының құрылысына қатысты ахуалға тоқталып өтті.

Аймақ жұртшылығы мен сарапшылар үш жылдың жүзі болды, кальций қосылған сода зауытының құрылысына қатысты мәселені талқылап, пікірталас ұйымдастырып келеді. Павлодар қаласының тұрғындары зауыт құрылысына үзілді-кесілді қарсылық танытып отыр. Олардың пікірінше, жаңа өндіріс орны жалпы аймақ экологиясына кері әсерін тигізбек. Сонымен қатар, қоғам белсенділерінің пайымдауынша, кальций қосылған сода өндірісіне үлкен көлемде су қажет. Яғни, мұның соңы Ертіс өзенінің тартылуына әкеліп соғуы ықтимал.

Зауыттың қоршаған ортаға тигізер әсері жайлы мәселе әлденеше рет қоғамдық талқыға салынды. Соңғы тыңдалым барысындағы түйін мойындалды.

Өндірістің қоршаған ортаға тигізер әсерін алдын-ала бағалау нәтижесіне жүгінсек, тұрмыстық қатты қалдықтар немесе атмосфераға зиянды заттардың тарауы сынды экологиялық аспект тұрғысынан алғанда, 2019-2021 жж. аралығында жүргізілген зерттеу барысында «Павлодар-Сода» ЖШС өндірісінің аймақ экологиясына кері әсері кеміп келеді.

Мысалы, 2019 жылы тұрмыстық қатты қалдықтар жылына 17 961 тонна болса, 2020 жылы қалдықтар азды-көпті қайта өңдеуден өткендіктен, бұл көрсеткіш 6 931 тоннаға тең болды. Ал, 2021 жылы тұрмыстық қатты қалдықтарды толық өңдеу үрдісі қолға алынғандықтан, жылына бұл көрсеткіш 350 тоннаны құрап отыр.

«Техникалық суға қатысты да осыны айтуға болады. 2019 жылы біз 2,32 млн. м3 қолдануды жоспарладық. 2020 жылы бұл көрсеткіш 1,8 млн. м3 дейін кеміді. Биыл біз жинақтаушы тоғаннан өндіріске қолданылған рапаны қайтаруға қол жеткізіп, судың көлемі 1,080 млн.м3 құрады», — деді кәсіпорын директоры Ернұр Жүсіпов.

Ол Павлодар облысындағы «Алюминий Қазақстан» АҚ алюминий өндіруге Ертіс қойнауынан алатын техникалық судың көлемі жылына 7,0 млн. м3 екенін, ал, салыстырмалы түрде алсақ, «Павлодар-Сода» ЖШС жылына 1 млн. 040 м3 жұмсайтынына назар аударды. Салыстыру үшін, өндірісте суды қолданатын өзге де кәсіпорындар мысалға келтірілді: ЖЭЦ-1 – 9 млн м3, ЖЭЦ-2, ЖЭЦ 3 -16,4 млн м3, МӨЗ – 1,08 млн. м3, Ақсу ГРЭС  — 10,0 млн. м3, «УПНК-ПВ» ЖШС — 0,63 млн.м3.

«Павлодар-Сода» ЖШС басшылығы қауіптенуге негіз жоқ екенін алға тартып отыр. Болашақ зауыттың жобасы жан-жақты зерттеліп, ал, оның техникалық-экономикалық негіздемесін химия өндірісі саласындағы технологиялар бойынша әлем мойындаған көшбасшы – НИОХИМ жобалау институты дайындаған. Ол Украинаның Харьков қаласында орналасқан. НИОХИМ институты Ресей, Германия, Польша, Аргентина, Түркиядағы сода зауыттарының жобасын жасаған. НИОХИМ жүзеге асырған соңғы жобалардың бірі – қуаты жылына 1 млн. тонна болатын Үндістандағы сода зауыты.

Техникалық-экономикалық негіздемені қазақстандық құрылыс нормаларына сәйкестендіру ісімен павлодарлық «ҚазҚұрылысЖоба ПВ» ЖШС шұғылданды. Оның халықаралық жобалармен жұмыс тәжірибесі біршама.

Фото: Pavlodarnews.kz/Наталья Зинченко

«Біздің кәсіпорын бірегей болып тұр. Себебі, осы тектес өндіріс орындары Қазақстанда бұған дейін болған емес. Қазіргі кезде елімізде шамамен 500 мың тонна кальций қосылған сода қолданылады. Кальций қосылған соданы біз негізінен Ресейден алдырамыз, сондықтан, оның импорт шығыны да орасан. Павлодар облысында ас тұзы мен әктас өндірілетін орындар бар. Сондықтан, кальций қосылған сода өндірісін қолға алсақ, Ресейдің ірі тасымалдаушыларымен бәсекеге қабілетті өнім шығарып, сонымен бірге, импорттық шикізатты отандық өніммен алмастыра аламыз», — деді «Павлодар-Сода» ЖШС директоры Ернұр Жүсіпов.

Оның пікірінше, қуаты 200 мың тонна болатын өндіріс орнында 400 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаның қазақстандық үлесі шамамен 90 %, инвестицияның жиынтық көлемі 73,0 млрд. теңге болмақшы. Жобаны жүзеге асырудың арқасында, жергілікті бюджетке салық төлемдері жылына 490 млн. теңге, ал, республикалық бюджетке — 2,2 млрд. теңге болмақ.

Қазақстанда кальций қосылған соданы тұтынушылар – «Алюминий Қазақстан» АҚ (Павлодар қ.), Ақтөбе хром қосындылары зауыты және «Қазфосфат» ЖШС (Тараз қ.).