Павлодарда полицей өз-өзіне қол салды

102
Фото pixabay.com сайтынан алынды

Павлодарда полиция қызметкері асылып өлді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, 5 сәуірде Павлодар облыстық полиция департаментінде жұмыс істейтін қызметкердің өз-өзіне қол салғаны туралы ақпарат түскен.

«Осы оқиға Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша тіркелді. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Мамандар оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті. Бұдан бөлек, қызметтік тергеу басталды», – дейді департамент бастығының міндетін атқарушы Жасқайрат Қайыров.

Ал бейресми ақпарат көздеріне сәйкес, полицей тұрғын үйдің дәлізінде асылып өлген. 37 жастағы полицейдің подполковник шені болды.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 105-бабы «өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзуге» арналған. Соның аясында жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін жеткiзу қылмысы үшін үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ал адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаса, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Оқи отырыңыз: