Петропавлда оңай олжаны көздеген ондаған студент сан соғып қалды

Фото: pixabay.com

Петропавл қаласында жас жігіт ондаған студентті 2 миллион теңгеге алдап кеткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Қаскүнем бір студентті алдағаннан кейін бірден оның танысына өз «қызметін» ұсынып отырған. Ол адамның сеніміне кіріп, ұялы телефонды кредитке алдырып, «банктегі таныстары» арқылы қарызды жаптырып тастайтынын айтқан. Қала тұрғындары оған телефонды беріп, уәде етілген 10 мың теңгені алған.

«Студенттер кредитке алынған телефонды алаяққа беріп, қарыздың өтелгенін күткен. Бірақ ешкімнің кредиті жабылмаған. Бірнеше арыз түскеннен кейін петропавлдық жедел уәкілдер күдіктіні ұстады. Ол 20 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны болып шықты», — дейді полицейлер.

Қазіргі кезде Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық, екі және одан көп адамға қатысты) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Оған сәйкес, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамның мүлкi тәркiленеді.

Осы уақытқа дейін алаяқтың 10 студентті алдағаны анықталды. Оларға келген шығынның сомасы 2 миллион теңгеге жеткен.

«Басқа да жәбірленушілер анықталып жатыр. Айта кетері, олардың барлығы дерлік студенттер, жастары күдіктімен шамалас. Олар кредит рәсімдеу үшін жеке мәліметтерін берген. Енді кредитті төлеуге тура келеді. Екі ай бұрын дәл осындай алаяқтық түрімен жұмыс істегенбіз. Осыған байланысты күмәнді ұсыныстармен келіспеуге және жеке мәліметті ешкімге бермей, сақ болуға шақырамыз», — деп түйіндеді тәртіп сақшылары.

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға жазылыңыз: Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз