Пластикалық хирургтар кесілген дене мүшесін жарнамалауда

60
Фото: видеодан алынған кадр

Адамның денесінен кесілген мүше қалдығын көпшілікке көрсетіле бастады. Кейбір пластикалық клиникалар мен танымал хирургтар әлеуметтік желілерде осындай жантүршігерлік жарнама жасап жүр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Олар пациенттерінің артық майы мен кесілген тері қалдықтарын ашық жариялап, қыз-келіншектерді жаппай көңілі толмайтын мүшелерінен арылуға шақырған. Алайда қан аралас жарнама нәзік жандыларды шошытып отыр. Кесілген мүше қалдығын көрсету қатігездік пе, әлде коммерцияның жаңа әдісі ме?

Суреттегі қой немесе сиырдың еті емес, адамның мүшесі. Пластикалық клиникалар ота кезінде сылып алған адамның терісін қолға ұстап, суретке түсіп, әлеуметтік желіде жарнама жасаған. Пластикалық клиникалардың қан араласқан жарнамасы жұрттың түсінбеушілігін тудырды.

Жанар Сағынбаева:

— Өз басым қарсымын. Отаның аты ота. Мәселен, жамбас етін кесіп, инстаграмда көрсеткені, отаны қалай жасағанын көрсеткені ұнамайды. Қандай да бір бақылау керек қой!

Бақылау болмай тұр. «Шағымданушылар да көп», — дейді сарапшылар. Соңғы бір жылда 20 мыңнан астам адам әлеуметтік желідегі жиіркенішті жарнамаларға арызданыпты.

Шавкат Сабыров, Қазақстан интернет қауымдастығының президенті:

— Осындай суреттерді жариялайтын адамдар халыққа не көрсетіп жатқанына мән беруі қажет. Рас, қазір ондай көріністер әлеуметтік желілерде қаптап кетті. Біз қолымыздан келгенше айтамыз, түсіндіреміз. Жазбаны алып тастауды сұранамыз. Әрине, бірі келіссе, бірі келіспейді. Сондықтан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен өкілетті органдар ондай беталды суреттерге заң тұрғысында шектеу қоюға тиісті.

Клиника клиенттері ота кезінде кесілген мүше қалдықтарының көпшілікке көрсетіліп жүргенін біле бермейді екен. Операция үстелінде ес-түссіз жатқан адаммен бірге суретке түсіп, оны әлеуметтік желіге салғаннан да мұндағылар еш әбестік көріп отырған жоқ. Керісінше, саудасының жүргеніне риза.

Болат Бөлдекбаев, Пластикалық хирургия және косметологиялық клиниканың бас директоры:

— Біздің клиенттер отаның қалай жүзеге асатынын көргісі келеді. Сол үшін олардың өтініші бойынша салдық. Егер біреулерге ол ұнамаса, біздің парақшаны көрмесе болады. Біз «осы суретті қараңдар» деп ешкімді қинап жатқан жоқпыз. Кесілген теріні әлеуметтік желіге салуға өзім рұқсат бергенмін. Онда еш қатігездік көріп тұрғаным жоқ. Бұл жай жарнама, маркетинг.

Бұл суреттерді көріп, заңгерлердің төбе шашы тік тұрды. Айтуларынша, заңда қатігездік пен зорлық-зомбылықты насихаттауға қатаң тыйым салынған. Бірақ лаңкестер мен қылмыскерлердің тізіміне пластикалық клиникалар кірмейді екен.

Роза Сәдуақасова, заңгер:

— Қазір заң тарапынан қатты шектеу болмаған себептен деп ойлаймын. Сондықтан заңға нақты өзгерту енгізу қажет деп санаймын. Өйткені этикалық нормаға сәйкес, мұндай бейнематериалдарды үлкен адамдармен қатар, жасөспірімдер, балалар көреді. 

«Ота кезінде сурет пен таспаға түсіруге кейбір клиенттердің өзі рұқсат берген», — дейді пластикалық клиника өкілдері. Ол түсінікті де. Себебі, парақшаларынан көргеніміздей, «төсімді осы хирург үлкейтті» немесе «артық майымды алды» деп жарнама жасаған жандарға едәуір жеңілдік жасалады екен. Ал қан аралас жарнаманы еріксіз қарап отырған жұрттың келісімі ше? «Олардан рұқсат алынды ма?» деген сұраққа пластикалық хирургтар парақшаны қарамауға кеңес берді.

Оқи отырыңыз: