Президент Шолпан-Атада Әуезов бюстін ашты

Фото: Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Мұхтар Әуезовтің Шолпан-Ата қаласындағы музей-үйіне барды. Президент музей-үйде Мұхтар Әуезовтің бюстін ашты және құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мұхтар Әуезовтің Шолпан-Атадағы үйі 1959 жылы салынған. Қазақтың ұлы жазушысы бұл үйде 1959-1961 жылдары тұрып, жұмыс істеген, сондай-ақ өзінің «Өскен өркен» атты соңғы романын жазуды бастаған. Бірақ аяқтап үлгермеді.

Фото: Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі

1970 жылы қыркүйекте мұнда Мұхтар Әуезовтің кітапхана-музейінің ресми ашылу рәсімі өтті. Қазіргі уақытта музейде жазушының жеке заттары: үстел, орындықтар, тербелмелі кресло, үстел сағаты, киім ілгіш, кітап шкафы, кітаптар сақталған.

Фото: Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі

Жазушының қызы Ләйлә Мұхтарқызының бастамасымен кітапханаға алғашқы 5000 дана кітап жиналды. Қазір кітапханадағы кітап қоры – шамамен 12000. Кітапхана-музейде семинарлар, оқу конференциялары, кездесулер өткізіліп тұрады.