Әр адамның дінге бас сұғып, пәтуа айтуы дұрыс емес – Әбдіғани Бәзілхан

Фото pixabay.com сайтынан алынды

Елімізде қандай да бір діни мәселеге қатысты «Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының» қызметкерлерінен басқа адамға пәтуа айтқызуға болмайды. «Қазақстанның Даму Қауымдастығы» жүзеге асырып жатқан интернеттегі діни экстремизмге қарсы жоба аясында осы мәселеге қатысты өз пікірін айтқан ақын, Жазушылар одағының мүшесі Әбдіғани Бәзілхан осылай дейді.

Оның айтуынша, діни радикалды теріс топтардың дәстүрімізді дінге қарсы қойып, сол арқылы кейбір ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығарып жатқан тұста жастарымыздың сауатымен қатар, санасын ояту керек.

«Соңғы кезде дін мен дәстүрімізді бір-біріне қарсы қою үрдісі жиілеп кетті. Бұрын ата-бабамыз намазын оқып, домбырасын шертіп, әнін айтып жүре берсе, қазір «домбыраны харам» дейтіндер шықты. Екінші мәселе – жастарымыздың киіміне қатысты. Біздің қазақтың салтында ешкім қара жамылып жүрмейтін. Қара жамылу дегеніміз –  сол үйдің тірегі өлді деген сөз, аза тұту деген сөз. Әрине, дін керек, бірақ, біз ең бірінші кім болып қалуымыз керек: мұсылман ба, қазақ па? Әлде, арабша дәстүр ұстанамыз ба? Міне, дәл осындай түйіткілді сұрақтар туындаса біз тек Қазақстан иұсылмандары Діни басқармасының ғана мамандарына жүгінуіміз керек», — дейді ақын.

Әбдіғани Бәзілхан технология дамыған заманда ел іргесі сөгілмеу үшін интернеттегі діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған жұмыстар барынша жүйелі, мазмұнды әрі нақты болуы керек дейді. Ол үшін әрине мемлекеттік идеология қажет.

«Мемлекетімізде ұлттық идеология жұмыс істеу керек. Мәселен, мен мәдениет саласының өкілі болсам, мен бүкіл Қазақстанға мәдени идеологияны насихаттауым керек. Сол сияқты дінді еліміздің Мұсылмандар діни басқармасы насихаттау керек. Әрине, ұйымның қызметкерлері бүкіл елді аралай алмайтын шығар, бірақ, телеарна, әлеуметтік желі, интернеттің көмегімен халықтың, соның ішінде жастардың сауатын ашуы керек. Дінмен бірге біздің ұлттық құндылықтарымыз да насихатталуы керек. Менің ойымша, Қазақстанда Діни басқарма белгілеген адамнан басқа адамның пәтуа айтуына жол беруге болмайды. Өйткені, қазір адамдар сауатсыз емес, тек пәтуа айтушылар көп болғандықтан, қайсысына сенерін білмейді. Жастардың сауатын ғана емес, көкірек көзін ашу маңызды», — дейді ол.

Жалпы, «Діни экстремизм мен интернет кеңістіктегі діни радикалды идеологияны насихаттаудың алдын алуға бағытталған шаралар кешені» жобасы бүкіл Қазақстанды қамтиды. Жоба аясында атқарылған өзге де шараларға тоқталсақ, www.noradical.kz  бірыңғай ақпараттық интернет-портал құрылды. Сонымен қатар, белгілі сарапшылардың қатысуымен «Ақпараттық қалқан» атты видеоподкастар сериясы жазылып, 17 өңір мен 3 қалада «Интернеттегі діни экстремизмнің алдын алу» тақырыбында студенттер  арасында онлайн квиздер өтті.

Айта кетейік, жобаны «Азаматтық бастамаларды қолау орталығының» қолдауымен «Қазақстанның Даму Қауымдастығы» жүзеге асырған.