Құрманғазы оркестрі Қытай астанасында концерт өткізді

Фото: Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі

5 желтоқсанда Бейжің қаласында Дүниежүзілік музыка ЭКСПО-сы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Ұлы дала сазы» атты Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің концертін ұйымдастырды, деп хабарлайды MediaWorld.kz

2009 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан Дүниежүзілік музыка ЭКСПО-сының басты мақсаты – қытайлық көрерменді әр елдің ұлттық музыка өнерімен таныстыру.

Осы орайда, биылғы жылға дейін Әзірбайжан, Беларусия, Испания және өзге де елдердің оркестрлері өз өнерлерін көрсеткен болатын.

Қазақ оркестрінің концерті 5 желтоқсанда Ұлттық орындаушылық өнер орталығының (Үлкен Ұлттық театр) сахнасында «Әлемдік музыкалық сериялар» жобасы аясында өтті.

Бейжің қаласындағы Тяньаньмэнь алаңына және Халық жиналыстар үйіне жақын маңда орналасқан сопақ күмбез нышанында құрылған ғимарат – Ұлттық орындаушылық өнер орталығы «Үлкен Ұлттық театр» деп те аталады.

Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің концерттік бағдарламасында Құрманғазы, Түркеш, Нұрғиса Тілендиев, Дәулеткерей, Абай, Моцарт, Брамс және өзге де қазақ және шетел композиторларының шығармалары орындалды.

Сондай-ақ, жоғарда аталған іс-шараға Абай атындағы мемлекеттік Академиялық опера және балет театры мен Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының солисі Фархад Кубиев және Астана Опера Мемлекеттік опера  және балет театрының солисі Айзада Капонова қатысты.

Оқи отырыңыз: