«Сағын сындырмау керек»: Ниязбеков Азия чемпионатында төбелес шығарған отандық балуанды қалай жазалағанын айтты

Фото: Bassport.kz

Бішкекте өтіп жатқан күрес түрлерінен 17 жасқа дейінгі балуандар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық Асхаб Хаджиев жарыстан шеттетілді. Жас балуан финалдық белдесуде қарсыласына қол көтеріп, бейәдеп әрекет жасағаны үшін күміс медальдан да қағылған болатын. Осы орайда, Bassport.kz еркін күрестен жасөспірімдер командасының аға жаттықтырушысы Дәулет Ниязбековпен тілдесіп, аталған жайтқа қатысты пікірін сұрады.

«Бүгін Бішкектегі Азия чемпионаты одан әрі жалғасуда. Кеше біздің команда үшін сондай жағымсыз жағдай орын алды. Асхаб Хаджиевтің қарсыласы да лас күресетін бала екен. Белдесу соңына қарай үнділік спортшы арандатып, соның қармағына түсіп қалды. Хаджиев небары 16 жастағы балуан, өзі қызуқанды жігіт. Шешен ұлтының өкілі. Өз-өзін ұстай алмай қалды. Кішкене шыдауы керек еді.

Кешелі бері Асхабты бәрі де сынап жатыр. Біз де өз тарапымыздан тәрбие сағатын өткіздік. Бапкерлермен ақылдаса отырып, әлем чемпионатына баратын құрамнан алып тастадық. Десе де, оны бұл қателігіне бола төмендетуге болмайды. Ол болашағы бар жігіт, сағын сындырмау керек. Бірақ оның бұл әрекетін басқалар қайталамауы тиіс. Әлі жас балуан болғандықтан, төпелей берген дұрыс емес.

Қазір Асхабты біраз уақытқа жарыстан шеттетті. Оны қанша ай, қанша жылға шеттеткені әзірге белгісіз. Бұл әрекеті расында командаға кір келтірді. Кешіріммен қарап, әлем чемпионатына апара алмаймын. Ол әлі қалпына келіп, өзін ұстауды үйренетеніне сенемін», – деді Ниязбеков.

Оқи отырыңыз: