«Сайлауда дауыс ұрлау – үлкен күнә» — дінтанушы

26
Фото: facebook.com

Расы керек, елімізде дін өкілдерінің араласпайтын мәселесі жоқ деуге болады. Діни басқарма өкілдерінің уағыздарының арасында ұрлық-қарлық, зина секілді пендеуи дүниелер ғана емес елдік, егемендік, ұлтаралық татулық, басшыға бағыну секілді жоғары деңгейдегі саяси тақырыптарға дейін кездесіп қалып жатады. Бір қызығы, сол имамдар жер сату, сайлау кезіндегі дауыс ұрлау, ашықтан-ашық дауыс беру қорытындысын бұрмалау секілді дүниелерге пәтуа беруді онша құптай қоймайды. Сондықтан да болар, соңғы кездері әлеуметтік желі бетінде «сайлаудағы дауыс ұрлаудың үкімі қалай? Харамға жата ма?» деп сұрайтындар көбейген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желі бетінде «Сайлауда дауыс ұрлау  — харам» дейтін молда бар ма?» деген жазбаға қатысты біршама талқылаулар болып жатыр. Пікір білдірушілердің түгелге дерлігі бұл тірліктің «харам» екенін атап өткен.

Сол секілді «бұл харамға жатпайды, саяси лас дүниені Алланың ісіне араластырмаңдар!» деп басу айтқандар да аз болмаған.

Осы мәселеге байланысты Islam.kz порталының редакторы, дінтанушы Абдусамат Қасым арнайы пікір білдірген екен. Дінтанушының айтуынша, сайлауда дауыс ұрлау – үлкен күнә.

«Кешелі бері «Сайлауда дауыс ұрлау күнә ма? Оған пікіріңіз қалай?» деген сияқты сауал бір-екі жерден қойылып жатыр. Енді мұндай сұрақты «провокация» немесе «билікке айдап салу» деп қабыл етпегеніміз жөн деп ойлаймын. Мен ешкімді жамандамаймын. Ешкімді «пәлен-түген» деп айыптағым да жоқ. Бірақ, сайлаудың әділ өтуін күту әрбір адамның азаматтық құқы деп есептеймін.

Өйткені, сайлаудың әділ өтуі Қазақстан заңында да қарастырылған. Қазақстан заңында да дауыс ұрланбай, әділ өтуі шарт. Бұл тек Қазақстан заңында ғана емес, Халықаралық заңнамада да солай. Қай мемлекет болмасын, жергілікті халық сайлаудың әділ өтуіне мүдделі. Көпшіліктің таңдаған адамының билік басына келуін қаламайтын ел жоқ. Сайлаудың әділ өтуін талап ету әрбір азаматтың заңды құқығы. Мен де, мысалы, сайлаудың әділ өтуін қалаймын және әділ өтуі тиіс деп есептеймін.

Сайлауда дауыс ұрлау күнә ма? Әрине, күнә. Харам іс. Қиянат болып саналады. Алла қиянат етушілерді жақсы көрмейді. (Аят). Пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм) бір сөзінде: «Кім бізді алдаса, ол — бізден емес» деген. Қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде былай деп бұйырылған:

«Әй мүмін-мұсылмандар! Өздеріңнің, ата-аналарыңның және жақындарыңның зиянына болса да Алла Тағала үшін айғақ боларда, әділеттілікте мықтап тұрыңдар. (Куәлік етуші адамдар) бай немесе кедей болса да (әділдіктен ауытқымаңдар). Өйткені Алла, екеуіне де тым жақын. (Олардың халін біледі). Сондықтан, НӘПСІГЕ (құмарлыққа) ЕРІП, әділдіктен ауытқымаңдар. Егер тілдеріңді бұрып, шындықты бұрмаласаңдар, шәксіз Алла не істегендеріңді толық білуші». (Құран Кәрім, «Ниса» сүресі, 135 аят).

Осындай аяттармен тәрбиеленген бұрынғы мұсылмандар өзіне зиянды болса да дұрыстықты ту еткен. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Қызым Фатима ұрлық жасаса да қолын кесемін» деуі — Ислам дінінде әділдіктің және туралықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Сондықтан да, сайлаудың бұрмаланбай әділ өтуі діни тұрғыда да маңызды. Себебі, бұл — қоғам игілігі үшін атқарылып отырған нәрсе. Ал, дауыстарды өтірік санап, сайлауды бұрмалау үлкен күнә. Ол — өзге сайлауға қатысушылардың ақысын жеу. Әрі десе, дауыс берген халықтың ақысын жеу. Ал, кісі ақысын жеу дінімізде кешірілмес күнә. Яғни, Алла Тағала кісінің жасаған күнәларын кешіруі мүмкін, бірақ, кісі ақысын, ақысы желінген кісі кешірмейінше, кешірмейді. Шариғи тұрғыда солай», — деп атап өткен ол өзінің facebook парақшасында.

Оқи отырыңыз: