Фото: видеоның скриншоты

Шығыс Қазақстан облысында парамен ұсталған шенеуніктер ақшасын ұнның арасына жасырыпты. Заңсыз табыстың бір бөлігін тергеушілер тінту кезінде қаптың ішінен тапты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Екі шенеунікпен қоса, оларға пара берген жеке компания өкілі де тергеу абақтысына қамалды.

Күдіктілер Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары мен облыс әкімі аппаратының заң бөлімінің басшысы. Олар Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жеке компанияға қамқорлық танытып, жәрдемдеспек болған. Сол үшін оның өкілінен 35 миллион теңге көлемінде пара алыпты. Әйтсе де, бұған қатысты облыс билігі қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Ал шенеуніктерге бума-бума ақша берген кәсіпкерге қатысты да тергеу жүргізілуде.

Жігер Байділдин, ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары:

— Өйткені заңға сәйкес пара беруші де, алушы да қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қазір тергеу жалғасуда. Күдікті тұлғалардың кінәсі сотпен анықталады.

Оқи отырыңыз: