ШҚО-да жаппай төбелес видеоға түсіп қалды

Жаппай төбелес. Кадрдан үзінді: t.me/POLICE_of_KZ

Шығыс Қазақстан облысында жедел басқару орталығының бақылау камераларына жаппай төбелес түсіп қалды, деп жазады KAZ.NUR.KZ Ішкі істер министрлігінің Telegram-дағы ресми жаңалықтар арнасына сілтеме жасап.

Төбелеске қыздар да қатысқанын көруге болады. Тәртіп сақшылары үш күдіктіні ұстады.

Ведомствоның хабарлауынша, 9 шілде күні Өскемен қаласының полициясына қала тұрғыны дәмханалардың бірінің маңында бірнеше белгісіз адам оны жарақаттап кеткенін айтып, арызданған.

Полиция қызметкерлері жедел басқару орталығының операторларымен бірлесіп, 1996, 1992 және 1996 жылы туған үш күдіктіні анықтаған. Біраз уақыттан кейін күдіктілер ұсталды. Олар өз кінәсін мойындаған. Ұсталғандарға қатысты келуге міндеттеу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасы таңдалған.

«Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, оның санкциясы 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді», — делінген хабарламада.

Автор: Рамазан Есмағамбетов