Жамбыл облысы аграрлы аймақ. Егін егуге, төрт түлік ұстауға табиғаты қолайлы. Жер Ана осындай теңдессіз сый беріп тұрғанда шаруалар үшін оны тиімді пайдалану парыз. Сол үшін де ауыл шаруашылығы саласында ісін дөңгелетіп отырғандар мемлекет жасап отырған мүмкіндікке сай көрсетілетін қолдауларды қалт жібермейді, деп жазады MediaWorld.kz тілшісі.
Бір ғана Талас ауданында ағымдағы жылдың алты айының қорытындысы бойынша мүйізді ірі қара 32 мың, қой-ешкі 433 мың, жылқы 13 мың басқа артты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 пайызға артық. Ал сонау тәуелсіздік жылдарынан бері мал басы екі есеге артып, егін шаруашылығы да түрлі техниканың арқасында өркендеп келеді. Енді аталған аудандағы осы саладағы соңғы жетістіктер мен атқарылған жұмыстарды жіті талдап көрсек.
Талас ауданында биыл ауыл шаруашылығында 8 550,4 миллион теңгенің өнімі шығарылды. Оның басым бөлігі мал және өсімдік шаруашылығынан өндірілген тауарлар. Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубайды сөзге тартқанымызда, ол тиесілі индикаторлардың өз межесінде жүзеге асуы мемлекеттік бағдарламалар мен қолдаулардың нәтижесі екенін жеткізді.
– Әр ауылдық округпен тығыз байланыстамыз. Шаруалардың жұмысын көріп қана қоймай, олардың ары қарай да дамуы мен қанат жаюына қажетті мемлекеттік жобаларды жіті түсіндіру жұмыстарын тоқтатқан емеспіз. Нәтижесінде «Агробизнес» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы Қаратау ауылдық округіне тиесілі «Нұр-Ислам» шаруа қожалығы 24 миллион теңге несие алып, қорадағы төрт-түлік санын арттырды. Сондай-ақ Берікқара ауылдық округінде орналасқан «Омар» шаруа иесі 40 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, 571 қой, 30 асыл тұқымды жылқы сатып алды. Аймақта сондай-ақ «Әулие-Ата» несие серіктестігінің қолдау көздеріне қызығатындар көп. Аталған қаржы ұйымы арқылы 7 шаруа қожалық 85,92 миллион теңге несие алған екен. Міне, төрт түлік санының артуына соңғы жылдары сеп болып жүрген жоғарыдағы қаржылық ұйымдар. Талап-шарттары оңтайлы, жеңілдіктері де бар. Ең бастысы пайызы төмен, – дейді А.Ерубай.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір Жолдауында мемлекет тек дайын өнімді ғана пайдаланып қана қоймай, оны өңдеу, өндіру бағытына ерекше ден қою арқылы шағын кәсіпкерлікті дамыту, өз-өзімізді қажетті азық-түлікпен қамтамыз ету мәселесін көтеріп келеді. Бұл мақсатта ауданда «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы кең көлемде насихатталып, жаңа бағытта бизнес нысандар ашылуда. Мәселен осы бағдарлама арқылы Қызыләуіт ауылындағы «Еламан» шаруа қожалығы қаржыландырылып, қазіргі таңда 5 000 бас қой бордақылау алаңын іске қосты. Үкімет тарапынан шаруаның шырайын келтіру үшін нысанға дейін электр желісі тартылды. Өткен жылы онда 1 000 бас қой бордақыланды.

Агросаланың тағы бір бағыты – егін шаруашылығы. Ағымдағы жылы таластық дала еңбеккерлері 14 195 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырған. Ерте көктемде тауар өндірушілеріне кепілдендірілген дизель отынын жеңілдікпен сатып алу, жеткізіп беру жұмыстары тиімді деңгейде жүргізілген. Бұл да болса шаруаларға үлкен көмек. Өйткені бағасы нарықтағы құнынан әлде қайда төмен болады. Шамамен 130-140 теңгеден айналады.
Тағы бір сөзінде Ауданбек Ерубай егін еккен азаматтар соңғы уақытта заманауи технологиялардың тиімділігін түсініп, бұрыннан келе жатқан үрдіске жаңашылдық енгізіп жатқанын мақтанышпен жеткізді. Ол:
«Биылдың өзінде 8 шаруа қожалық 250 гектар егіс көлемін тамшылатып және жаңбырлатып суары әдісін қолданды. Әсіресе, Бостандық ауылдық округін ерекше атап өтсем болады. Бір шаруа аталған технологияны пайдаланса, келесі жылы оның қатарына тағы екі-үшеуі қосылады. Бір-бірінен естиді, тиімділігін көзбен көреді. Осы қатарда ауданға қарасты «Нұр-Дәулет» шаруа қожалығы өткен жылы 77 миллион теңгеге инвестициялық жоба жүзеге асырып, жаңбырлатып суару құрал-жабдығын және сусорғысын сатып алды. Қазір ол шаруашылық 50 гектар көпжылдық шөпті жаңбырлатып суаруда. «Зерхат» шаруа қожалығы 70 гектар жерге көкөніс, бақша, картоп сынды техникалық дақылдарды да егіп, қазір осының арқасында өнім көлемін жылдағыдан арттырып отыр. Бұл жобаларға насихаттың аса қажеттілігі жоқ. Дейтұрғанмен біз үйлестіруші әрі жобалардың операторы ретінде кәсіпкерлерді түрлі семинарларға тәжірибе алмасуға, жақсылықты көруге басқа аудандарға тіптен өзге облыстарға жиі апарып, ұйымдастырып тұрамыз», – деді.
Атап өтетін болсақ, өткен жылдың желтоқсанында Таластағы бір топ делегат қыстың қақ ортасында Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында көкөніс өсіріп отырған әріптестерінің жұмысымен танысып қайтқан еді. Қыс мезгілінде жылыжай әдісімен өз бизнесін төрт мезгілде де тоқтатпай отырған кәсіпкерлердің жұмысы көпке қанат бітірді. Іле-шала 4 шаруа осы бағытқа ден қойды. Бүгінде Үшарал, Ойық ауылдары мен Қаратау қаласында жылдың он екі айында қияр мен қызанақ пісіп тұрады.
Талас ауданының бас агрономы алдағы уақытта да кәсіпкерлерді тарта отырып, сүт өнімдерін өндіру, қайта өңдеу, балық өсіруді қолға алу секілді шаруаларды жүзеге асырмақ ниетте. Ерте көктемнен бастап, аталған жобалар бойынша жұмыс бастағалы отырған жандарға берілетін субсидиялық қолдауларды түсіндіру жұмыстары қазір тоқтаусыз жүргізіліп келеді екен.
Айта кетейік, осы жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау ретінде мемлекет тарапынан субсидиялау бағдарламалары бойынша 335 өтінімге 324,418 миллион теңге субсидия беріліпті. Оның ішінде мал, егін шаруашылығымен қатар, инвестициялық жобалар мен лизинг бойынша да көрсетілген қолдаулар бар.