Шымкентте зиянкестерді улаған үйден төрт бала ауруханаға түсті

32
Фото: pixabay.com

Тарақандардан құтылам деп балаларды улап тынды. Шымкентте көпқабатты үйдегі пәтерде зиянкестерден құтылу үшін дезинсекция жасалып, соның салдарынан көрші пәтердің 4 баласы ауруханадан бір-ақ шықты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Мектеп жасына да жетпеген бүлдіршіндердің жүрегі айнып, басы ауырған.

Марат Кәкенов, токсикология бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы:

— Жедел жәрдем кішкентай балаларды әкелген. 3, 4, 5, 6 жаста, «улану» диагнозымен. Интоксидтен уланған. Жеңіл дәрежесімен, бәріне көмек көрсеттік. Көктамырына дәрі тамыздырылды. Оттегімен емделді. Жалпы ем-дом жасалды.

Дәрігерлік көмек алған төрт балақай да бір тәуліктен соң үйіне жіберілді. Қазір аталмыш іспен СЭС мамандары мен полиция департаменті айналысып жатыр. Дегенмен залалсыздандыру жұмысын жасаған дезинсекторды әлі күнге дейін таба алмапты. Санэпидемиологтар «арнайы білімі жоқ, шала маманның ісі» деп болжайды.

«Улаушының кім екені белгілі болса, міндетті түрде шара қабылданады», — дейді жауаптылар.

Ал құзырлы орындар дезинсекторды іздеп жатқан кезде, бірі улап, екіншісі уланған көршілер өзара қырық пышақ болып жатыр.

Шолпан Пірмашева, уланған балалардың анасы:

— Бірауыз сөзбен-ақ есікті қағып, сондай істейін деп жатырмын десе болады. Мен мына жерде айқайладым, істеп жатқан адамға «егесі қане» деп едім, білмеймін деді. Сөйтіп терезеден қарасам, ешкім жоқ. Екі баласын алып, киініп алып далада отыр. Бізге бір ауыз сөз ескертіп айтса қайтеді?!

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі аккаунттарымызға жазылыңыз:

Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз