Су үнемдеудің тиімді тәсілі

Дүниежүзілік сарапшылардың пікірінше, орта Азиядағы су тапшылығы 2050 жылға қарай 11 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Болжам жай ғана айтылған бос сөз болмаса керек. Өйткені бүгінде әлем бойынша 1,6 миллиард халық тіршілік нәрінен таршылық көріп отырғаны шындық, деп жазады MediaWorld.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» тақырыбындағы Жолдауында су тапшылығына екпін беріп, аталған дағдарыстан қалай шығу қажеттігі жайында нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Бұл ретте суды пайдалануда үнемдеу технологияларын енгізу тығырықтан шығатын ең маңызды шешім. Сонымен қатар, Президент нысандардың экожүйесін қалыпқа келтіру мақсатында 120 канал қайта жаңғыртылатынын айтты. Ал, бірқатар облыстарда оның ішінде Жамбыл облысында жаңа су қоймасы салынатынын да жеткізді. Жалпы аймақта Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы аясында бұл бағытта басқа қандай жұмыстар жүзеге асуда? Алдағы жоспарлар қандай? Бұл сауал көптің көкейінде жүрсе керек. Әсіресе төрт түліктің бетіне қарап, тіршілігін диханшылық кәсіппен байланыстырған шаруалар үшін өте өзекті болмақ.

Өңірдің суармалы жерлерінің көлемі 179,2 мың гектарды құрайды. Оның 55,2 мың гектары тиісті сумен толық қамтамасыз етілсе, 47 мың гектар алқапқа небәрі 30-40 пайыз деңгейде ғана су жеткізіледі. Бұл дегеніміз Әулиеата өңірі егін егуге ең қолайлы, аграрлы аймақ болғанына қарамастан, Жамбыл облысының 80 пайызы Қырғызстанның су ресурстарына тәуелді екенін білдіреді. Бұл мәселе әсіресе көктем, жаз айларында ушыға түседі. Шаруалар пейнеттеніп, егіс алқаптарына ағын су жеткізе алмай, әуре-сарсаңға түсіп жатады. Көптен бері көтеріліп жүрген бұл түйіткілді шешу мақсатында суармалы алқаптарды қалпына келтіру жол картасы әзірленді. 2019 жылы бастау алған жұмыстар жүйелі жүзеге асса, 2025 жылға дейін 124 мың гектар алқапты қалпына келтіру көзделуде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың айтуынша, осы кезеңге дейін халықаралық қаржы институттары арқылы 34,9 миллиард теңге қаражат бөлініп, 25,1 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілген. Бұл жоспардың 69,1 мың гектарын құрайды.

Ербол Жұмабекұлының тағы бір мәлімдемесінде: «Белгіленген межеден бөлек, 2022-2024 жылдары 306 су нысанына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осы арқылы 57,3 мың гектар алқапты айналымға қосу көзделіп отыр. Атқарылған жұмыстарға тоқталатын болсам, соңғы екі жылда «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жергілікті бюджет есебінен бөлінген 1,1 миллиард теңгеге ұзындығы 374,8 шақырымды құрайтын 81 канал қайта қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, өңірде жаңа 6 су қоймасының құрылысын бастау жоспарлануда. Бұл ретте жергілікті бюджеттен «Андас – 1,2,3» су қоймаларының құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстарына 2 миллиард теңге қарастырылуда. Ал, «Ырғайты», «Қалғұтты» және «Ақмола» жаңа су қоймаларының құрылысына арналған жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеуге 276 миллион теңге қаражат бөлінді. 3 су қойма салынған жағдайда 34,5 мың гектар алқап сумен қамтамасыз етіліп, алынатын өнім көлемі жыл сайын 13,8 миллиард теңгеге артады», – дейді.

Тығырықтан шығудың тағы бір жолы – алқапты техникамен суару әдісіне көшу. Облыста тамшылатып суару технологиясын қолданатын шаруашылықтар саны жыл сайын артып отыр. Бұл әдіс арқылы жергілікті дихандар жылдан-жылға азайып бара жатқан ағын суды үнемдеп қана қоймай, өнім көлемін арттыруда. Тоқ етерін айтқанда, аз шығынмен мол өнім алудың тиімді жолы осы. Су үнемдеу технологиялары облыста 2021 жылы 40,5 мың гектарға қолданылса, осы жылы 50 мың гектарға жеткізілді (оның ішінде, тамшылатып суғару 32,7 мың гектар, жаңбырлатып суғару 17,3 мың гектар).

Жамбыл ауданы Бірлесу-Еңбек ауылының тұрғыны «Арай-Агро» шаруа қожалығының төрағасы Ерғазы Сыдықбеков биыл бірінші рет жаңбырлатып суару әдісін қолға алды. Қожалық жоңышқа егумен айналысады. 12 ауыл тұрғынына жұмыс көзін ұсынып отыр.

– Биыл 50 гектар жерге жоңышқа ектім. Қанша жылдан бері жер арықтағы суды қолдандық. Сонымен ұзақ ойлана келе, заманауи технологияны сатып алуға бел шештім. Американдық «Vali» құрылғысына мемлекеттік бағдарлама арқылы қол жеткіздім. Әзірге көңілімнен шығып жатыр. Осы салада еңбек етіп жүргеніме ұзақ уақыт болды. Барлық саламен бірге ауыл шаруашылығы да қарқынды даму үстінде. Біз сол мүмкіндіктерді пайдалануымыз қажет. Шаруалар үшін мемлекеттен де үлкен қолдау болып жатқаны қуантады. Өнім бітік шығып, бірінші орымды да жинап алдық. Өзіміздің алдын-ала болжамымыз бойынша осы уақытқа дейін 100 түк өнім алсам, биыл меже 300-ге жететініне сенімім мол, – дейді шаруа қожалық иесі.

Жалпы Жамбыл облысы шаруаларының басым бөлігі пияз егумен айналысады. Мысалы көкөніс, оның ішінде пияз егу жұмыстары облыс бойынша 22 000 гектар болса, соның 13 329 гектары Шу ауданында отырғызылып, тамшылатып суару бағытында күтіп-бапталуда. Аталған аудан жаңа технологияны пайдалануда алдыңғы шепте тұр. Ауданның бас агрономы 2021 жылы 7 560 гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізілгенін айтты. Оның ішінде 5 799 гектар тамшылатып суару әдісі, 1 761 гектар жаңбырлатып суару әдісі қолданылған. Биылғы жылға тиімді технологияны 10 060 гектар жерге енгізу жоспарланыпты. Оның ішінде 7 799 гектар тамшылатып, 2 261 гаектар жаңбырлатып суарылмақ. Қолға алған жүйелі жұмыстың нәтижесінде су үнемдеу технологияларын қолдану 2,5 мың гектарға артқан.

Негізінде облыс бойынша қолда бар мәліметті сараласақ, 2022-2025 жылдары 29,2 миллиард теңгеге 325 дана жаңбырлатып суару машиналарын және инфрақұрылымды лизингтеу («QZQ Finance» ЖШС арқылы) жоспарланыпты (2022 жылы 4,5 млрд. теңге бөлінді). Бүгінде мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен шаруалардың ширақтығы салаға тың серпін беріп, аймақтың агросаласын дамытуға сеп болуда.