«Төбеңнен қойып қалады»: әртістер жалған ақпарат тарағанда қандай күйде болатынын айтты

54
Фото pixabay.com сайтынан алынды

Халық әртісі Роза Рымбаева жалған ақпарат таратқандарды қамап, жазалау керек деп санайды. Ал әнші Қарақат Әбілдина өзіне қатысты оқиғаны мысал ретінде келтіріп, заңды қатаңдатуға қатысты ойын білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Өлтіріп те қояды…

Жақында Роза Рымбаеваның атынан белгісіз біреулер парақша ашып, ұтыс ұйымдастырған еді. Халық әртісі олардың үстінен арыз жазған.

«Жалған ақпарат таратушылар тағы да сандырақтап, ойына келгенін айтпауы үшін оларды тұтқындап, жазалау керек. Жақында мен де құзырлы органдарға арыз жаздым. Менің атымнан ақша жинап жатқандарды сотқа бердім. Содан кейін қорыққан болар, бұл әрекетін қойды. Олар елден 10 мың теңгеден жинап, пәтер, зат ұтып аласыздар деген болатын», — дейді Роза Рымбаева.

Айтуынша, мұндай мәселенің барлығын заң шеңберінде шешу қажет.

«Көп жаңалықты естімей қаламын, сол себепті көңіл аудармаймын. Мен туралы ондай өсек көп шықпайды. Бірақ айтқан кезде төбеңнен қойып қалады. Біресе өлтіріп қояды, біресе тірілтеді», — дейді халық әртісі.

Айта кетейік, 2016 жылы Роза Рымбаеваның көлік апатынан қайтыс болғаны туралы хабар тарады. Халық әртісі мұндайды есту ауыр екенін айтты.

«Әрине, естіген кезде жаман болып қалдым. Ұлым хабарласып, «Мама, қайдасың? Амансың ба?» деді. Ойымда ештеңе жоқ: «Сенімен сөйлесіп тұрмын ғой» дедім. Балаларым да шошып кетеді», — деп түйіндеді Рымбаева.

Хабарласып, кешірім сұраған

2018 жылы Ескендір Хасанғалиевтің қайтыс болғаны туралы ақпарат пайда болды. Араға біраз уақыт салып Хасанғалиев өзінің аман-сау екенін, жалған ақпаратты жариялағандарды сотқа беруге дайын екенін жеткізді. Ал әншінің ұлы Біржан Хасанғалиев қазақылыққа салынып, ол адамдарға кешірім бергендерін хабарлады.

«Жалған, жүрекке тиетін ақпаратты таратушылардың соны естігенде адамның қандай күйде болатынын ойламайтынына таңғаламын. 2018 жылы әкем туралы масқара ақпарат тарады. Ол кезде үйде емес едім. Осындай ақпаратты алған кезде қандай күйге түсетінімді бағамдамай, тексермей жариялағаны ақылға сыймайды», — дейді Біржан Хасанғалиев.

Оның пікірінше, бұл кәсіби және адами этикаға жат нәрсе. Сол уақытта жалған ақпарат таратқандар хабарласып, отбасыдан кешірім сұраған.

«Бас редакторлар хабарласып, кешірім сұрады. Желіден алып, тексермей салып жібергенін айтты. Қазақ – мейірімді халық, кешіре салдық. Бір жағынан өлімге байланысты жалған ақпарат шықса, ол адам ұзақ өмір сүреді, 100-ге жетеді деген сеніммен кешірдік», — дейді ол.

Әртіс ресми ақпарат тарататын сайттарды мұндай қателігі үшін жабу қажет, ал жеке адам болса, жауапқа тарту керек деген ұсыныс айтты.

Халықты жамандыққа итермелеп жатыр

Ал әнші Қарақат Әбілдина басынан мұндай жағдайдың бірнеше рет  өткенін, ол жүйкесіне әсер еткенін жасырмады.

«Бұл – біздің заңның әлсіздігі. Бетімен кеткендік деп айтуға болады. Адамның құқығын қорлау. Сыртымнан ғайбат айтып жатқан кезде нашар сезімде боламын. Ол айналаңа, жүйкеңе әсер етеді. Осыған байланысты заңды күшейту керек, талапты жоғарылату керек. Себебі бұл – үлкен мәселе, тәртіпсіздік», — деп ашынды Әбілдина.

Қара пиар, хайп дегенді сылтауратып, шектен шықты, дейді әнші.

Мысал ретінде Қарақат Әбілдина бірнеше жыл бұрын тараған екі жалған ақпаратты келтірді.

«Қарақат мешітте жын-ойнақ жасады» деді, екіншісінде қолөнер шебері Ырза Тұрсынзада мені үйін тартып алды деп келтірді. Осы екі мәселе өте үлкен ғайбат, жала жабу болды. Адамның жүйкесін жейтін жағдай еді. Қазір ойлағым келмейді. Әрине, уақыт өтіп кетті. Бәрі ұмытылды. Бірақ сол ақпарат тараған кезде халық ақ пен қараны ажыратып алмай, ештеңенің байыбына бармай, пікір жазды. Бұл – үлкен күнә», — дейді ол.

Сонымен қатар әнші сондай жағдайда айыбы бар болса, халықтың алдына шығып ақталатынын айтты.

«Біз мұндайды қоюымыз керек. Бір адам жалған ақпарат таратып, қаншама адам артынан ілесіп кетіп жатыр. Сөз қақысы, көз қақысы, ғайбат айту – бәріне жауап береміз. Жазылатын ақпаратты тексеріп алса дейміз. Осы сарындағы әңгіме біздің жасымызға да сай келмейді», — деп атап өтті Әбілдина.

Айтуынша, ар, намыс, ұят мәселесінде мұндай қателікті кешіруге болмайды. Алайда әнші жала жапқандарды сотқа беруге ұзақ уақыт кететіндіктен, ондай қадамға бармаған.

«Әлеуметтік желі дамыған сайын бұл үдеп бара жатыр. Бұл жерде жеке басыма жамандық келді деп уайымдамаймын, біз халықты жамандыққа итермелеп жатырмыз. Ұлт ретінде бір-бірімізге жаман тәрбие беріп, улап жатырмыз», — дейді ол.

Айта кетейік, жақында Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың 83 жасында ұлды болғаны туралы ақпарат тарады. Кейіннен ақпаратты жариялаған телеарна басшылығы халық әртісінен жалған хабар таратқаны үшін кешірім сұрады.

Сонымен қатар әнші Қайрат Түнтековтің қызды болғаны да өтірік болып шықты. Бұл ақпаратты әншінің өзі жоққа шығарды.

Оқи отырыңыз: