Тұрсынбек Қабатовтың көлігі адам қаққаны рас па: Әзілкеш бар шындықты айтты

318
Фото: Тұрсынбек Қабатовтың әлеуметтік желідегі жеке парақшасы

Отандық танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов өзінің жеке басына қатысты тарап жатқан «әңгімелерге» жауап ретінде видео үндеу жолдады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұл туралы әзілкеш Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жария етті.

«Ассалаумағалейкум, қазақ елі. Армысыздар. Желіде, түрлі парақшаларда Тұрсынбек Қабатовтың көлігі адам қағып кетіпті деген ақпараттар тарап жатыр. Cондықтан шындықты өзім айтқанды жөн көріп отырмын. Үндемей отыра алмадым.

Алла Тағала куә. Мен бұл істің басында болған емеспін. Бұл бір жыл бұрын 2019 жылдың қазан айында болған оқиға.

Менің көмекшім, музыкантым кешке келіп, «бір жерге барып келейін» деп көлік сұрады. Ойымда ештеңе жоқ. Кілтті бере салдым. Жігіттер жағы түсінеді. Арты бұлай аяқталады деп ойлаған жоқпын.

Кейбір ақпарат беттерінде Тұрсынбектің жүргізушісі деп беріпті. Менің жүргізушім жоқ. Көлікті өзім басқарамын.

Оның бұрын көлік жүргізуші куәлігін көргенмін. Сол уақытта құжатынан айырылып қалғанын білмейді екенмін. Ол да айтқан жоқ.

Артынан осындай оқиғаның Қарағанды тас жолында болғанын естідім. Төбемнен жай түскендей болды. Оңай болған жоқ. Сұрастыра келе, марқұм өзі кінәлі екен. Кішкене ішкені бар. Жолға жүгіріп шыққан дейді. Қазір марқұмның артынан ештеңе айтқым келіп тұрған жоқ. Барлығы «делада» жазылды. Куәгерлер бар. Содан әлгі жігітке «қолыңмен істегенді мойныңмен көтер, мен араласпаймын» деп айттым.

Біреулер Тұрсынбек шешіп тастады, ақша берді деп жатыр. Мен ешкімге хабарласқан жоқпын, бұл іске араласқан емеспін.

Ол жерде болмасам да, «көлік сенікі ғой» деп кінә тағып жатқандар үшін кешірім сұраймын. Бірақ көліктің ішінде болған емеспін. Менің айтарым осы», — деді Тұрсынбек Қабатов.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін ұлын Тұрсынбек Қабатовтың көлігі қағып өлтірген ана жанайқайын жеткізгенін жазған едік.

Бұл жайтқа қатысты Қарағанды ​​облысының полиция департаменті редакция тілшісіне пікір білдірді. Департамент расымен де өткен жылдың 13 қазанында «Нұра – Нұр-Сұлтан» тас жолында Қарағанды ​​облысының Нұра ауданында болған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс өндірісте болғанын хабарлады.

Тұрсынбек Қабатовтың атына тіркелген Lexus автокөлігімен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны қараңғыда Ерлан Омарқұловты қағып кетіп, ол алған жарақатынан сол жерде қайтыс болғаны анықталған.

«Тергеу барысында сараптама жүргізілді, оған сәйкес жүргізуші түнгі уақытта тас жолда келе жатқан жәбірленушіге соққы жасаудың алдын ала алмаған. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғасы кезінде Lexus жүргізушісі мас емес, ал жәбірленуші орта деңгейдегі алкогольдік мас күйінде болғандығы анықталды.

Тергеу нәтижелеріне сәйкес, қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды», – дейді Қарағанды ​​облысы бойынша Департаментінің тергеу бөлімінің бастығы Алмаз Саламатов.

Оқи отырыңыз: