«Төсек-орындар лезде толып жатыр»: Нұр-Сұлтан дәрігерлері үндеу жасады

15
Фото pixabay.com сайтынан алынды

Елордалық дәрігерлер қаладағы эпидемиологиялық жағдайға алаңдаулы. Инфекциялық стационарларда науқастар көбейген, әрбір екінші пациентке оттегі концентраторы қажет, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазір ковидтік ауруханаларда 40 адам жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған.

«Тек өткен тәулікте ғана инфекциялық стационарларға 178 адам жатқызылды. Төсектер лезде толып жатыр! Әрбір екінші науқасқа оттегі концентраторы қажет, олар инвазивті емес желдету астында жатыр. Ал жағдайы тым нашар пациенттер жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған», — дейді инфекциялық стационарлардың медицина қызметкерлері.

Дәрігерлер жағдайы ауыр науқастардың көбі вакцина алмаған, санитарлық талаптарды сақтамай, салтанатты іс-шараларға қатысқан немесе ұйымдастырған адамдар екенін атап өтті.

«Бізде бір ерлі-зайыпты болды. Тексеру кезінде олар жуырда ғана көп адам жиналған мерейтойға барғанын мойындады. Көздеріне жас алып, ешқайда шықпағанымыз дұрыс еді деп өкінді. Өйткені ол кезде күйеуінің жағдайы тым нашар еді. Денсаулықпен ойнамау керек екенін тағы да еске салғым келеді. Егер сіз санитарлық нормаларды сақтамасаңыз және екпе алмасаңыз, онда «маған ауру жұқпайды» деп еркін жүре беруге болмайды», — деді ковидтік ауруханалардың бірінде істейтін жұқпалы аурулар дәрігері Гүлбақыт Адижанова.

2 тамыздағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласының инфекциялық стационарларында 2903 адам жатыр. Жансақтау бөлімінде — 260 науқас, 40 пациент жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған.

Қазіргі таңда COVID-19-бен күресу үшін қалада 16 стационар және 6 мыңнан астам медицина қызметкері жұмылдырылды.

Оқи отырыңыз: